Ақтөбеде инвестициялық форум өтті

Ақтөбеде инвестициялық форум өтті

Ақтөбеде осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылған  инвестициялық форумға Бразилия, Франция, Италия, Пәкістан сияқты алыс-жақын 25 елдің өкілдері келіп, бірнеше ірі жобалармен танысты. Олар негізінен ауыл шаруашылығы, медицина және өнеркәсіп саласында іске асырылмақ. Шара аясында «Еуропа-Азия: шекарасыз ынтымақтастық» көрмесі де ұйымдастырылды.

 

Юрий БЕРГ,  ОРЫНБОР ОБЛЫСЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ /РФ/:

Біз Ақтөбе өңірімен бұрыннан жақсы әріптеспіз. Ресеймен тауар айналымының көлемі жыл санап артып келді. Мысалы, «Ақтөбе рельс арқалығы» зауыты  қажетті болат темірді Урал зауытынан алады. Біздің көптеген компаниялардың осында бөлімшелері бар.

 

Қонақтарға сауда логистикалық орталығы мен  аква саябағының жобасы көрсетілді. Бұған дейінгі келіссөздер нәтижесінде, қалада мұз айдыны кешенін салуға Чехия компаниясы, ал, жедел-жәрдем стансасын тұрғызуға Түркия компаниясы кіріскелі отыр.

 

Ульф ВОКУРКА «ШЕТЕЛ ИНВЕСТОРЛАРЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КЕҢЕСІ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Ақтөбе облысы бизнес үшін жағрафиялық тұрғыдан өте қолайлы орналасқан. Тек Қазақстан нарығы емес, сонау Сібірден бастап, Ресейдің Еуропамен шектесетін өңірлеріне де тиімді болып тұр. Бизнес қауымдастығының Ресей мен Қытай нарығына шығуға зор мүмкіндігі бар.

 

Жиын соңында әріптестік байланыс жөніндегі 16 меморандумға қол қойылып, 67, 5 млрд теңге болатын инвестициялық жобалар жүзеге асатын болды. Атап айтқанда Алматы «Метрополитен» кәсіпорны мен «Ақтөбе рельс арқалығы» зауыты әріптес атанды. Шаһарда француз инвесторлары тұрғызатын  5 жұлдызды қонақ үйдің қазығы қағылды. Сондай-ақ, жобалық құны 16 млн доллардан асатын  сусындар шығаратын Алматылық компания Ақтөбеде зауыт құрылысын бастады.

 

 

 

Сурет: www.orenburg-gov.ru