Алмагүл Ахметжанова: «Хабар» агенттігін оң өзгерістер күтіп тұр

Алмагүл Ахметжанова: «Хабар» агенттігін оң өзгерістер күтіп тұр

«Хабар» агенттігі жаңа маусымын күтпеген жаңалықтармен бастады. Агенттіктің құрамына кіретін «24KZ» арнасының атауы ауысып, «Kazakh TV» және «Білім және мәдениет» арналары біріктірілмек. Өзгерістер туралы «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрайымы Алмагүл АХМЕТЖАНОВА кеңінен әңгімеледі.

 

– Алмагүл Ауғалиқызы, осы маусым ерекшеліктермен басталды, мұны арналарыңыздағы өзгерістерден байқап үлгердік. Осы жылы көрерменге дайындаған жаңалықтарыңыз көп сияқты.

 

– Биылғы күзгі маусым ерекше. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырмасымен осы жылдан бастап агенттікте трансформация жүргізілуде. 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын дайындау барысында арнайы зерттеулер жасалып, агенттік қызметі сарапталды. Трансформация аясында ішкі бизнес үрдістер өзгеріп қана қоймайды, сонымен қатар арналардың контенті және оларды тарату тәсілдері де жақсарады. Қызметкерлерімізді оқыту және біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударудамыз. Қазіргі уақытта «ТРТ» түрік холдингімен ынтымақтастық жөнінде келісім жасалуда. Түрік телеарнасының аумағында 150 қызметкерді оқытпақпыз.

 

– «24KZ» арнасының атауы неліктен өзгерді?

 

– Тек атауы ауысқан жоқ, «24KZ» арнасында ребрендинг жүргізілді. «Хабар 24» енді ортақ телеотбасының құрамында. Мұндай тәжірибе әлемдік медиахолдингтер арасында кеңінен таралған. Мысалы, ВВС корпорациясы құрамында BBC One, BBC Two, BBC World News және басқалары бар. Жаңарған арнаның эфирі түрлі жанрдағы бағдарламалармен толықты. Негізгі күш сараптамалық және репортаж бағытындағы жобаларға жұмсалуда, яғни эфирде сапалы сараптамалық бағдарламалардың қатары ұлғайып, репортаж жанрындағы бағдарламалардың үлесі артты, сондай-ақ аймақтардың тыныс-тіршілігі туралы жобалар көбейеді. Ашылған күннен бастап 24 сағат бойы жаңалықтар таратуға негізделген телеарна әрі қарай да жаңалықтардың жаршысы болып қалады. Шапшаңдық және шынайылық – олардың басты ұстанымы. Сонымен қатар арнаның эфирлік бейнекөрінісі және ресми сайттың интерфейсі де өзгерді. Жаңарған сайт қолдануға қолайлы және жаңалықтарды іздеу барысында жеңіл болып жасалған.  

 

–Арна атауының өзгеруін көрермен қалай қабылдады?  

 

– Бізді қолдаушылар да, сынаушылар да табылды. Менің ойымша, бұл дұрыс, әр адамның өз ойы, өз көзқарасы бар. «Хабар 24» деген атауды қабылдап, үйрену үшін уақыт керек.

 

«Хабар 24-тің» негізгі мақсаты 24 сағат ақпарат тарату болатын. Бағдар­лама­лар саны артса, жаңалықтар көлеңкеде қалып қоймай ма?

 

– «Хабар 24» – Қазақстандағы тәулік бойы жаңалық тарататын алғашқы телеарна. Жаңа маусымда бұл үрдіс қала бермек. Көрермен 30 минут сайын елімізде және әлемде болып жатқан ақпараттар легімен танысады. Біздің түсірілім тобы қоғамда болып жатқан оқиғаларды қалт жібермеуге тырысып, оны шапшаң түрде көрерменге ұсынады. Арнаның басты ерекшелігі – эфирде шығатын бағдарламалардың барлығы 100 пайыз қазақстандық өнім. Сондықтан келтірілген мәліметтер мен көтерілген мәселелер өзіміз, тікелей қазақстандықтар үшін жасалады. Ал­дағы уақытта да осы дәстүрді сақтап қалғымыз келеді.

 

– «Kazakh TV» мен «Білім және мәдениет» арналарын біріктірудің себебін түсіндірсеңіз. 

 

– 25 қазан күні жаңарған және кеңейген пішімдегі имидждік-танымдық арна эфирге шығады. Бұл екі телеарнаның ұсынатын өнімдері бір арнада түйіседі, екеуі де Қазақстанның бай мәдениеті, салт-дәстүрі, тамыры тереңде жатқан тарихы, сонымен қатар туризм саласына қатысты бағдарламалар көрсетеді. Телеарналарды біріктіру отандық және шетелдегі көрерменнің қызығушылығын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне біріккен арнаның контентін жасауда негізгі күш мәдени-тарихи құндылықтарға, сондай-ақ өнер және мәдениет салаларындағы отандық «брендті» жандандыру үшін танымдық жобаларға бағытталады. Көрермен қазақ халқы және елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлттардың салт-дәстүріне саяхат жасауға мүмкіндік беретін «шынайылық» жанрындағы танымдық-ойын-сауықтық бағдарламалар көреді. Қызықты фактілер мен зерттеулерге негізделген тарихи оқиғалар жөнінде деректі фильмдер тамашалайды. Сол себепті біз «Білім және мәдениет» телеарнасындағы үздік танымдық жобаларды біріккен арнаның эфиріне шығарамыз. Яғни халық сүйіп көретін хабарларды сақтап қалуға тырыстық.