Қазақстан Құрбан айт мерекесін тойлап жатыр

Қазақстан Құрбан айт мерекесін тойлап жатыр

Елбасы қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. «Жасампаздықтың, ізгілік пен мейірбандықтың нышаны болған осынау жарқын мереке адамгершілік құндылықтарды нығайта отырып, көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық жасауға жетелейді және рухани дәстүрлерге баулиды. Қазақстан табысты дамыған 25 жылда Құрбан айт шын мәнінде Ел бірлігі мен қоғамдағы конфессияаралық келісімді нығайта түсуге бірегей ықпал еткен айтулы мейрамға айналды», дей келе, Нұрсұлтан Назарбаев әр отбасыға бейбітшілік пен келісім тіледі.

 

Адамдар арасында ынтымақты арттырып бірлікті күшейтетін мейрам айт намазынан басталды. Мешіттерге ағылатын жамағат бір сапта тұрып бастарын сәждеге тигізеді. Раббысына иман келтіріп Алла тағаладан екі дүниенің жақсылығын сұрайды. Әлемдік деңгейдегі мәртебесі биік мерекені Қазақстан халқы зор ықыласпен, үлкен үмітпен атап өтеді. Айт намазы өтелгеннен кейін мүмкіндігі бар мұсылмандар Алла тағаланың ризалығы үшін құрбандық шалады. Құрбан айт күндері шариғат бойынша 85 грамм алтынға тең ақшасы бар, бостандықтағы, ақыл-есі бүтін, жол-сапарда емес мұсылманға құрбандық шалу - міндет.