"EXPO" жобасы 46 мың жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді

"Экспо"- Астана мен аймақтарда 46 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бер-ді. Былтыр көрме жұмыстарына 300-ге жуық отандық компания  тартылды. Осылайша «Экспо» нағыз дағдарысқа қарсы жоба болып тұр. Бүгін халықаралық көрмені ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің үшінші отырысында ұлтық компанияның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов осылай деді. Биыл көрме кешенін салу кезінде 131 млрд теңге үнемделген. Әлемдік жетекші компаниялар демеушілік көмек ретінде 125 миллион еуро құйды. Қазіргі таңда 99 ел көрмеге қатысатынын растаған. Соның 95-і өз комиссарын бекітті. 

 

Ахметжан Есімов, "Астана EXPO-2017" ҰК басқарма төрағасы:

Бізде салынып жатқан павильондардың бірі "үздік тәжірибелер аймағы" деп аталады. Онда баламалы қуат көздері қолданылатын әлемдегі ең үздік  технологиялар қойылады. Қазір бұл бағытта бізге 130-дан астам ұсыныс келіп түсті. Соның 25-ін іріктеп павильонға қоямыз. Бұл ретте көрменің тақырыбы әсіресе қазіргі дағдарыс жағдайында сәтті қойылғанын атап өту керек. Әлемде көмірсутек бағасы түскен кезде, баламалы қуат көздеріне сұраныс артып отыр. Қазір дүниежүзі пайдаланып отырған энергияның 15 пайызы жаңартылатын қуат көздері болса, 2050 жылы бұл көрсеткіш 50 пайызға жетеді.