Ақмола облысында жарты миллион тоннадан астам тұқым қоры жиналады

Ақмола облысында жарты миллион тоннадан астам тұқым қоры жиналады

Ақмола облысының диқандары жаппай егін орағына кірісті. Аймақта биыл 4 млн 300 мың гектар аумаққа бидай егілген. Бүгінде оның 10 пайызы бастырылды. Облыста жыл сайын шаруашылықтар тұқым сапасын жақсартуда еуропалық қондырғыларды қолданады. Олар бидай тұқымын диірменге егістік алқабынан тікелей комбайнмен жеткізуге мүмкіндік береді.

 

ЗАМАН РАХЫМОВ, "ЗАРЕЧНЫЙ" ЖШС МЕНЕДЖЕРІ:

Бұл желінің құны шамамен 500 мың евро. Қымбат болғанымен, біз тасымалдау мен жанармайдан ұтамыз. Одан бөлек, бұл қондырғы тұқымды сапалы әрі жылдам тазалайды. Мәселен, бір сағатта 14-15 тонна бидайды оңай сұрыптай алады.

 

УӘЛИХАН ӘРІПОВ, "ЗАРЕЧНЫЙ" ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Бізде тұқым сұрыптаумен ғалымдар айналысады. Олар бидайдың 80-нен астам сұрпын арнайы алқаптарда сынақтан өткізеді. Одан бөлек, біз көпжылдық шөптерді де асылдандырумен шұғылданамыз. Барлық өнімдеріміз өңір диқандарының игілігі үшін.

 

Ал  шаруалар үшін қазіргі басты әрі өте маңызды шара – қолайлы күн райын пайдаланып, егінді ысырапсыз жинап алу. Ол үшін бүгінде аймақтағы егістік алқаптарында 8 жарым мың техника тынымсыз еңбек етуде. Бидайды сақтайтын қоймалар да сақадай сай әзір тұр. Өңірде ондай 260-тан астам нысан бар.

 

ДИМАШ ТАЛАСБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің облыстағы 30-дан астам тұқым шаруашылығының 14-і элиталық тұқым өндірумен айналысады. Олар егінді орып болған соң, келесі жылдың тұқым қорын дайындауға кіріседі. Аталған шаруашылықтар, өзімізден бөлек, көрші аймақтарға да сапалы тұқым өткізеді.

 

Айта кетейік, биыл ақмолалық диқандар бұйырса, 5 млн тоннадан астам астық жинауды жоспарлап отыр. Ал оның 500 мың тоннадан астамы тұқым қорына сақталса, қалғаны жергілікті диірмендерге жеткізіледі. Одан артылғаны экспортқа жөнелтілмек.

 

 

 

Сурет: www.spanosmills.gr