СҚО-ға келуші шетелдік туристер саны артуда

СҚО-ға келуші шетелдік туристер саны артуда

Солтүстік Қазақстан облысында туризм қарқын ала бастады. Өткен жылы теріскейде 70 мыңға жуық турист демалған. Оның төрт мыңнан астамы - шет мемлекеттерден келген қонақтар. Айыртау - Солтүстік өңірдің көгілдір көлдерімен көмкеріле орналасқан аудандардың бірі. Әсіресе қарағайлы орманның жағалауында орналасқан суы тұзды Шалқар көлінде демалушылардың саны артқан.

 

Гаухар ӘБДІРАХМАНОВА, ТУРИСТ:

Біз Астанадан кеше келдік. Табиғаты өте керемет. Су тап-таза. Жып-жылы. Мына жаққа бірінші рет келіп тұрмыз. Бірақ кішкене жолы нетті. Жолды жақсы істесе тек вообще керемет болушы еді. 

 

Имантау - теріскейдегі ең үлкен, әрі тұнық көлдердің бірі. Күнмен шағылысқан айдынды су қоймасының ұзындығы - 17 шақырым. Соңғы жылдары бұл жерге қомақты инвестиция құйылып, бірнеше демалыс орны ашылды. Нәтижесінде Біріккен Араб әмірліктері, Германия, және Ресей елдерінен келетін қонақтардың қатары көбейді. Енді биылдан бастап қысқы маусымда да туристерді қабылдамақшы.

 

Марина ГЕНИЯТУЛИНА, ТУРИСТІК БАЗАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Биылғы жылы туристердің саны екі есеге артты десек те болады. Өйткені уақыт өткен сайын біз оларға барынша жағдайды жасаудамызз. Арнайы тамақтанатын орын аштық. Оның үстіне маралмен емдейміз. Сондықтан демалып, сауығып қайтамын деген ынталы  адамдар көбейді.

 

Солтүстік Қазақстанда қазіргі таңда туристерді қабылдайтын 66 арнайы нысан бар. 34-і Айыртау ауданында орналасқан. Бұйырса, келер жылы «Экспо-2017» көрмесіне келген шетелдік меймандарды осы бір құтты мекенде қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр.

 

 

 

Сурет: www.panoramio.com