"Ұлы дала азаматтары" автошеруі Жетісу жерінде

Ел Тәуелсіздігінің 25-жылдығына және Панфилов дивизиясының 75-жылдығына арналған "Ұлы дала азаматтары" автошеруі Талдықорғанға келді. Бұл - шараға қатысушылардың ат басын тіреген соңғы қалалардың бірі. Осыған дейін олар Қазақстанның ірі шаһарларында болып, 7 мыңнан астам шақырымды бағындырған. "Шара ең алдымен өскелең ұрпақ үшін маңызды. Себебі, ата-бабаларымыздың жасаған ерлігі жастардың мәңгі есінде қалуы тиіс", дейді ұйымдастырушылар. Олардың айтуынша, бұл сапарда Алматы облысы ерекше орын алады. Өйткені, атақты Панфилов дивизиясы дәл осы өңірде құрылып, панфиловшылардың дені бұл жерден шақыртылған. Сондай-ақ, 52 Кеңес Одағының батыры дәл осы аймақтан шыққан екен.

 

Марат МАРДЕНОВ, ҚР ГЕНЕРАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Біздің басты міндет сұрапыл соғысқа қатысқан сарбаздардың есімін мәңгі есте сақтау. Өйткені, жауды жеңген саясаткерлер емес, дәл осы жауынгер.

 

Алуа БАЙҚАДАМОВА, ГЕНЕРАЛ-МАЙОР И. ПАНФИЛОВТЫҢ НЕМЕРЕСІ:

Панфилов дивизиясының құрамында 36-дан астам ұлт өкілі соғысты. Түрлі халықтардың бірлігі жауды ойсырата жеңуге көмектесті.

 

 

 

Сурет: www.inform.kz