Ұлттық банк: Зейнетақы жинақтары пайда табуы тиіс

Ұлттық банк: Зейнетақы жинақтары пайда табуы тиіс

Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы қордың қаржысынан екінші деңгейлі банктерге берілетін депозиттердің мөлшерлемесін төмендете алмайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрасағы Данияр Ақышев мәлімдеді. Ол зейнетақы активтері тек кіріс әкелетін жағдайда ғана берілетінін атап өтті. Жоқ дегенде инфляцияны жабуы тиіс. Еске салсақ, жыл басында Елбасы Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының қаржысын инвестициялауды тапсырған болатын. Яғни, екінші деңгейлі банктерге экономиканың тынысын ашатын шағын және орта бизнесті қаржыландыруға 200 миллиард теңге беру қарастырылған. Алайда, несие өте қымбат болып шықты. Банктердің өзі бұл қаржыны қордан жылдық 14-16,5 пайыздық үстемемен алады. Әзірге, 200 миллиардтың 60 миллиардтан астамы ғана инвестициялауға жұмсалған. Ұлттық банк басшысының айтуынша, бұл мәселені шешу қарастырылуда. Зейнетақы қорының қаржысы тұрып қалмас үшін қаржыгерлер несиені арзандатудың жолдарын іздеуде. Қалай болғанда да, қазақстандықтардың зейнетақы қаржысының кірісі сақталады.

 

Данияр АҚЫШЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:

 

Ұлттық Экономика министрлігі банктерге беріліп жатқан Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының қаржысын - банктер мен басқа да мемлекеттік субьектілердің бағдарламалар бойынша Ұлттық қордан алатын қаражатпен біріктіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ұлттық қор қаржысының мөлшерлемесі әлдеқайда төмен. Яғни, қымбат және арзан  ресурстарды біріктіру орташа мөлшерлемені береді. Бұл шағын және орта бизнеске тиімді болмақ.

 

Сурет: azh.kz