EХРО-2017 көрмесі Жаһандық әйелдер саммитінде таныстырылды

EХРО-2017 көрмесі Жаһандық әйелдер саммитінде таныстырылды

Варшавада Жаһандық әйелдер саммитінде ЕХРО-2017 көрмесі таныстырылды. Алқалы жиынға жиылғандарды "Болашақ энергиясы" бей-жай қалдырмады. Сондықтан іскер әйелдер 2017 жылы Астанаға келуге мүдделі.

 

Дэнис КОЛМАН ЭВЕНС, IBM КОМПАНИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 

"Баламалы энергияны дамыту үшін атқарып жатқан іс-әрекеттеріңіз мені ерекше тәнті қылды. Жасыл энергия әлем үшін өте маңызды деп ойлаймын. Экспоға қуана-қуана барамын. Келесі жылы сіздерге көп туристер барады деп сенемін".

 

Вандана МЕХИНДИРАТТА, САММИТКЕ ҚАТЫСУШЫ (ҮНДІСТАН):

 

ЕХРО жобасы мені өте қызықтырады! Көрмеге, сондай-ақ іскерлік кездесулерге көп делегациямен барамыз деп жоспарлап отырмыз. Сіздердің мәдениет, жасыл энергия мен инновациялар туралы көбірек білетін боламын деп сенемін. Бұл әлем үшін өте маңызды.

 

Сондай-ақ, еліміздің Мемлекеттік хатшысы әйелдер форумын Астанада өткізуге ұсыныс жасады. Гүлшара Әбдіхалықова ең табысты бизнесвумендер мен саясаткерлерді келесі жылы ЕХРО алаңына жинауды жоспарлап отыр. Варшаваға жасаған жұмыс сапары барысында Гүлшара Әбдіхалықова Польша премьер-министрімен, Вьетнам вице-президентімен, Малайзия, Франция министрлерімен, Германия мемлекеттік хатшысымен келіссөз өткізді. Әр кездесуде екіжақты байланыстарды нығайту, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және әлеуметтік саясат саласындағы іс-тәжірибемен бөлісу тілге тиек болды.

 

Эльке ФЕРНЕР, ГЕРМАНИЯНЫҢ ОТБАСЫ ЖӘНЕ ЖАСТАР ІСІ ЖӨНІНДЕГІ МИНИСТРЛІГІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

 

Қазақстанның Мемлекеттік хатшысымен кездесуде немістер қолданып жүрген әйелдер мен ерлердің тең құқығы туралы заңнама туралы сөз қозғадық. Мысалы, бізде әр ірі фирмадағы басшылық орындардың 30 пайызы әйелдерге тиесілі болу керек деген заң бар. Сондай-ақ, біз жұмыс пен отбасыны қатар алып жүру, осы тұрғыда Германиядағы әйелдерге қандай жағдайлар жасалатыны туралы сөйлестік. Саяси деңгейдегі мұндай кездесулер өте қызық деп есептеймін.

 

Варшава ЕХРО көрмесіне қатысатынын ресми растады. Павильонының аумағы 800 шаршы метрді құрамақ. "Болашақ энергиясы" тақырыбы Польшаға да етене таныс.  Бұл мемлекет те Қазақстан сияқты 2020 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерін тұтынуда 20 пайыздық көрсеткішке қол жеткізуді мұрат тұтқан.

 

Сурет: www.sports.kz