Стэнфорд профессоры АЭФ-те экология мәселелері бойынша баяндама жасайды

Стэнфорд профессоры АЭФ-те экология мәселелері бойынша баяндама жасайды

Сәрсенбі күні дәстүрлі Астана экономикалық форумы жұмысын бастайды. Биылғы жиынның негізгі тақырыбы -  «Жаңа экономикалық ақиқат: әртараптандыру, инновациялар және білім экономикасы» деп аталады. Бұл жолы да, әдеттегідей, бизнес және сараптау қауымдастықтарының әлемге танымал өкілдері, ірі қаржылық құрылымдардың жетекшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары мен Нобель сыйлығының лауреаттары қатысады. Олар сарыарқа төрінде екі күн бойы әлемдік экономиканы дамытудың негізгі үрдістері мен жаһандық сын-қатерлерден сүрінбей өтудің негізгі жолдарын талқылайды. Әсіресе, биылғы форумда тұрақты даму мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне айрықша мән берілмек. Бұл тақырып төңірегінде АҚШ-тың Стэнфорд университетінің профессоры, отын элементтерін зерттеу жөнінен халықаралық сарапшы Тургут Гур баяндама жасайды.

 

Тургут ГУР, СТЭНФОРД УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

Астана экономикалық форумына алғаш қатысқалы жатырмын. Алайда оны әлемнің сақа саясаткерлер мен білікті сарапшыларды және әйгілі Нобель сыйлығының иегерлерінің басын біріктіретін мәртебелі алаң деп білемін. Сондықтан осы жиында күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар мен салмақты пікір алмасулар күтемін. Менің баяндамам қазіргі дәстүрлі энергия түрлерінен тәуелділікті азайту жолдары мен қоршаған ортаға залалсыз қайта қалпына келетін энергия көздеріне арналмақ. Алайда адамзат баласы бұл энергияға түбегейлі өту үшін 50 жыл, мүмкін бір ғасырдай уақыт кетеді. Олай болса, осы өтпелі аралықта не істеуіміз тиіс? Оның жауабын форумда айтып беремін.

 

 

 

Фото: kaztv.kaztrk.kz