Назарбаев университетінде биотехнологиялық стартаптардың дамуына арналған семинар өтті

Назарбаев университетінде биотехнологиялық стартаптардың дамуына арналған семинар өтті

Биотехнология саласындағы отандық старт-ап жобалар өз жемісін беруде. Қазіргі таңда адамның діңгекті жасушалары негізінде елімізде жасалған регенеративті  косметика шетелге жөнелтіледі. Қазақстандық ғалымдардың мұндай өніміне Украинада сұраныс бар. Биотехнологияларды бизнеске айналдырудың қыр-сырымен жас ғалымдар Назарбаев Университетінің Astana Business Campus-ына келушілермен бөлісті. Олардың айтуынша, жобаларды жүзеге асыру үшін жеке инвестициялар тарту қажет. «Бұл қиын іс болғанымен, бизнес өзін-өзі ақтайды»,- дейді генетик  Болат Сұлтанқұлов.

 

Болат СҰЛТАНҚҰЛОВ, КӘСІПКЕР:

Жеке инвесторлардың мұндай жобаларға деген қызығушылығы жоғары. Мұнымен қоса, бізге қажетті инфрақұрылымдары да бар. Біз шығаратын өнімдер жаңа болғандықтан, нарыққа біртіндеп енгізудеміз. Қазір өніміміз аз көлемде  Украинаға жеткізіледі. Біз негізінен кәсіби клиникалармен жұмыс жасап, тұтынушылардың сеніміне қол жеткізуді көздеп отырмыз.

 

Дәмел МЕКТЕПБАЕВА, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Биотехнологиялар түсінігі өте ауқымды. Олардың ішінен дербес медицинаны атап өткім келеді.  Қазір адамның генетикалық кодын алуға болады. Мұны жүзеге асыру айтарлықтай арзандаған кезде біздің медицинамыз түбегейлі өзгереді деген ойдамын. Өйткені бір дәрімен барлық адамдарды емдеуге болмайды. Әр адамның ерекшеліктері бар. Дербес медицина осы мәселені өзгертпек. 

 

 

 

Сурет: newskaz.ru