Маңғыстау облысына құйылған шетелдік инвестиция көлемі артты

Маңғыстау облысына құйылған шетелдік инвестиция көлемі артты

Ақтауда бірер айда ірі өндірістік-логистикалық орталық іске қосылады. Аумағы он мың шаршы метр кешенде жеміс-жидек пен азық-түліктің түр-түрі сақталады. Инвестициялық жобаның өңір халқы үшін пайдасы бар. Біріншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шөлейтті өңірге арзан да сапалы тауарлар жеткізуге мүмкіндік туады. Екіншіден, 50-ге жуық жергілікті тұрғын логистикалық орталықтан табыс көзін табады.

 

Алекбер МУРАДОВ, ӨНДІРІСТІК-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 

Бұл жоба Қазақстан мен Әзірбайжан мемлекеттері басшыларының тікелей тапсырмасымен жүзеге асты. Оған 4 млрд. теңгеге жуық инвестиция құйдық. Қазақстанда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, біз арнайы экономикалық аймақтың аумағынан жер алып, салықтық төлемдерде жеңілдіктерді пайдаланып отырмыз. Келешекте Маңғыстаудан тағы бірнеше кәсіпорын ашу жоспарымызда бар.

 

Инвесторлардың Маңғыстауды таңдауы да тегін емес. Себебі, шетелдік кәсіпорындар Каспий теңізі мен Өзен-Түркіменстан темір жолы арқылы өзге елдердің нарығына шығуды көздейді. Бұл - Елбасының Ұлт жоспары арқылы жүзеге асқан мультимоделдік көлік дәлізін құру жобасының жемісі.

 

Нұрбек ҚАРАСАЙ, ОБЛЫСТЫҚ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ М.А.:

 

Теңіз жағалауын дамыту бойынша жобалар, бұлардың барлығы инфрақұрылым жобалары болып есептеледі. Сонан соң Қазақстан Темір жолымен өткен жылы іске асырылған бұл  «Боржақты-Ерсай» темір жолы. Бұның бәрі болашақта Қорғас құрғақ портынан Ақтау порты арқылы әрі қарай Әзірбайжанға, одан ары қарай Еуропа тауарларын шығаруға, Каспий теңізі арқылы Иранға, одан әрі Парсы шығанағына, одан әрі Еуропаға шығуға мүмкіндік береді.

 

Дағдарысқа қарамастан биыл өңірге тартылған инвестиция көлемі 7 пайызға өсіп отыр. Мәселен, Италияның трансұлттық компаниясы Құрықта кеме құрастыру зауытын ашпақ. Ал, қытайлық бизнесмендер мұнай жабдықтарын шығаруды көздейді. Екі ірі инвестор елімізге 84 млрд. теңге қаражат құюға дайын.

 

Сурет: prostoinvesticii.com