Ұлыстың Ұлы күніне шетелдіктердің қызығушылығы артып келеді

Ұлыстың Ұлы күніне шетелдіктердің қызығушылығы артып келеді

Әз-наурыз шетелдік саяхатшылардың айрықша назарына ілігуде. БҰҰ шешімімен халықаралық мейрам дәрежесін алған Ұлыстың Ұлы күніне сырт мемлекет азаматтарының қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Мыңжылдық тарихы бар шығыс елдерінің жаңа жылы  ЮНЕСКО-ның ұсынысымен адамзаттың рухани құндылығы деп танылғаны да белгілі. Мерекеге арнайы тігілген киізүйде Тринидад және Табаго аралдары, Швейцария мен Италия елдерінен келген меймандарға қазақи қонақжайлық барынша танытылып жатыр. Шетелдіктер ұлттық тағамдардан дәм татып, Наурыз көже мен сары қымыздан ауыз тиді.

 

Оливер МЮЛЛЕР, САЯХАТШЫ:

 

Қазақстандықтар  өте қонақжай екен. Өз үйімде отырғандай сезімдемін. Ұлттық тағамдар тіл үйіреді. Киіз үйдің құрылысымен таныстым. Шаңырақ бірлікті білдіреді деп айтты. Барлығы орынды жасалған.

 

Анэлла ФРЕКШН, САЯХАТШЫ:

 

Қазақ мәдениеті, дәстүрі өте бай екеніне көз жеткіздім. Маған бойжеткеннің ұлттық көйлегі ұнады. Мүмкіндік болса өзіме біреуін алсам деймін.

 

Мерекеге ортақтасқан шетелдіктер ашық аспан астында ұйымдастырылған сахна саңлақтарының өнерін тамашалады. Үндістандық саяхатшылар легі  асық атып, ұлттық ойынның қызығына бөленді.

 

Прафул ПУРИ ГОСВАМИ, САЯХАТШЫ:

 

Қазақстандықтар ұлттық дәстүрді берік ұстанатын халық екенін білеміз. Салт - дәстүрлер бәз баяғы қалпында сақталғаны қуантарлық жайт. Сонымен қатар заманнан қалыспаған өркениетті мемлекет. Астананы аралау барысында таңғаларлық сәулет туындыларын тамашаладық.

 

Ырысқа толы күні Қазақ Елі алаңы шағын  ауыл іспеттес. Көше бойлай ақ қанатты киіз үйлер қанат жайды.  Самауыр қайнап, ошақ басында түрлі тағамдар әзірленуде. Қайырымдылыққа үндейтін мерекені ұлықтауға жиналғандар бауырсақ пен көжеден ауыз тиді.  Орталық алаңға сауық құруға шыққан қарақұрым ел талғамына сай қалауын тауып қайтуда.

 

1.     Бұл мереке бірлікке, татулыққа ынтымақтастыққа шақырады.

2.     Ұлттық мереке болған соң ұлттық киім киіп шықтым.

3.     Қазақ салт дәстүрін жалғастырып келетін мейрам.

4.     Бұл біздің ұлттық мерекеміз. Әр жас қазақ дәстүрін білу керек.

5.     Ата дәстүрімізді құрметтейік Наурыз құтты болсын. 

 

Сурет: surak.szh.kz