Үлескерлердің тәуекелдері азайтылмақ

Үлескерлердің тәуекелдері  азайтылмақ

Тұрғын үй құрылысына қатысатын үлескерлердің тәуекелдері  азайтылмақ. Бұл туралы  Сенаттың жалпы отырысында тиісті заң жобасын талқылау барысында белгілі болды. Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайыновтың айтуынша, тұрғын үй құрылысының үлестік қатысуына жаңа тәсілдер белгіленбек. Алдымен, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу бойынша кепілдіктер беру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, жоба екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырыла бастайды. Ал құрылыс компаниясы баспананың қаңқасын жеке қаражатына тұрғызуға міндеттелмек. Қазіргі таңда салымшылар қатысқан бірқатар проблемалық нысандар бар. «Оның соңғысы 2017 жылы тапсырылатын болады»,- дейді вице-министр. Сондай-ақ, депутаттардың сауалдарына жауап берген Марат Құсайынов жалға берілетін  пәтерлердің құнына да тоқталды.

 

Марат ҚҰСАЙЫНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Жалға берілетін үйлердің құны  - 1 шаршы метрі Астана және Алматы қалаларында 200 мың теңге, ал өңірлерде – 180 мың теңге. Кредиттік үйлердің 1 шаршы метрі Астана, Алматыда 180 мың, өңірлерде 140 мың теңге. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы осылай бекітіліп отыр.

 
Сондай-ақ Сенат отырысында «Төрелік туралы» заң жобасы да қаралды. Әділет министрі Берік Имашевтың айтуынша, төрелік келісімнің дербестік қағидаты бекітіліп, құпиялылық қағидатының қолданысы кеңейтілмек. Заңға сәйкес, елімізде Төрелік палатасы құрылатын болады.   Бұл палата төрешілердің қызметін іске асыру, ынталандыру және қолдау үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.  Сондай-ақ, олардың ұлттық және халықаралық деңгейде төрелікке қатысуына септігін тигізбек.

 

 

 

Сурет: parlam.kz