Ақтауда халықтардың ұлы қоныс аударуы дәуірінің жәдігерлерінің көрмесі өтті

Ақтауда халықтардың ұлы қоныс аударуы дәуірінің жәдігерлерінің көрмесі өтті

Маңғыстаулық археологтар халықтардың ұлы қоныс аударуы дәуіріне жататын бірегей жәдігерлерді тұңғыш рет көпшілік назарына ұсынды. «Алтынқазған» діни-жерлеу кешенінен табылған бай мұра біздің заманымыздың ІІ-V ғасырына тиесілі. Ғалымдар ғибадатханадан қазып алған алтын ер-тоқымды Еуразия археологиясы үшін таптырмас олжаға балап отыр. Ғұн немесе алан тайпаларының дәуіріне жататын тарихи ескерткіштер облыстық мұражайдың жаңа залына қойылған.

 

Андрей АСТАФЬЕВ, АРХЕОЛОГ:

«Алтынқазған» діни-жерлеу кешені халықтардың ұлы көшімен тікелей байланысты. Ал, бұл кезеңге жататын жәдігерлер тек қана шығыс Еуропа жерінде кездеседі. Сондықтан, бұл ескерткіштің Маңғыстау жерінде қалай пайда болғанын дөп басып айту қиын. Тіпті, қай тайпаға тиесілі екендігі де белгісіз. Әзірше, ғұн немесе аландардың ғибадатханасы болуы мүмкін деп болжадық. Ескерткіштің мән-мағынасын толық ашу үшін терең зерттеу қажет.

 

Алтынқазған, Кетікқала мен Қызылқала, Сырлытам жерлерінен қазып алынған құнды жәдігерлер, Үстірт жеріндегі балбал тастар. Жаңа залға ежелгі темір дәуірінен бастап XIV ғасырға дейінгі 600-ге жуық жәдігер қойылған. Тарихи ескерткіштердің барлығы Маңғыстау түбегінен табылған. Сондықтан, әрқайсысы да өлке тарихы үшін өзінше құнды.

 

Тамара ЖҰМАЛИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Маңғыстауда бір кезде өте адамдар қоныстанған тұрақтар болмаған жоқ деген әңгімелер болды. Тіпті, олар қарама-қайшы болды. Көбісі жоққа шығарғысы келді. Ал, шындығында қазір осы залды жасақтаған уақытта Маңғыстауда да миллион жыл бұрын адамдар қоныстанғандығы, ежелгі тас дәуірінің палеолит, неолит, энолит кезеңдерінде осы жерде тұрақтар болғандығы, құрал-жабдықтардың сақтағаны. Осы жерде бәрін дәлелдеп беретін жәдігерлер орналасқан.

 

Керуен сарайына ұқсайтын залдың құрылысына «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 11 млн.теңге бөлініпті. Енді келер жылы мұражайдағы тарих бөлімін жаңарту көзделіп отыр. Бұл зал Қазақ хандығы мен Маңғыстаудың тарихынан сыр шертетін болады.

 

 

 

Сурет: e-history.kz