Қостанай облысында су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды

Қостанай облысында су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды

Қостанай облысында екі мыңдай адам тұратын 49 елді мекенді су басу қаупі бар. Осыған орай төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер аймаққа арнайы барып, өңірді тікұшақпен аралап шықты. Биыл Қостанай облысында қар қалың түсті. Облыс әкімдігінде шұғыл жиын өткізген басшылар, қауіп төніп тұрған елді мекендердің басшыларына нақты тапсырмалар берді. Қазір арнайы штабтар құрылып, алдын-алу шаралары қолға алынды. Облыста азық-түлік, дәрі-дәрмек қоры жасақталды, адамдарды қабылдайтын 68 нысан да әзір тұр. Су тасу кезеңі наурыз айының соңын ала басталып, 40 күнге созылуы ықтимал. Қар неғұрлым тез ери бастаса, қатер де соншалықты ауқымды болмақ.

 

Владимир БЕККЕР, ҚР ІІМ ТЖК ТӨРАҒАСЫ:

Қазіргі сәтте су тасқынының алдын-алуға бағытталған шаралар жүріп жатыр. Дәл бүгін су тасиды деген қауіп жоқ, қыс әлі күшінде. Бірақ, кез келген оқыс жағдайға дайын тұруымыз қажет. Сан соғып қалуға болмайды. Барлық күш пен қаржыны екшеп, су тасқынынан төнер қауіптің алдын алуымыз керек. 3-4 наурыз аралығында республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтетін болады. 

 

 


Сурет: kstnews.kz