Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіргеніне жарты жыл: алғашқы нәтижелер

Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіргеніне жарты жыл: алғашқы нәтижелер

Қыргызстанның Еуразиялық Экономикалық Одаққа кіргеніне жарты жыл болды. Осыған орай ел билігі жаңа интеграциялық бірлестіктегі алғашқы нәтижелерді қорытындылап, қырғыз-қазақ шекарасындағы «Ақ жол» бекеті мен «Манас» халықаралық әуежайына арнайы сапар ұйымдастырды.  Еуразиялық Экономикалық Одаққа қосылғанға дейін бұл жерде ұзын-сонар кезек болса,соңғы жарты жылда жағдай мүлдем өзгерген.   Кедендік рәсімдеу алынып тасталғандықтан, көліктер көп кідірмейді. Құжаттарын көрсетіп, арнайы бақылаудан өтеді. Есірткі табуға үйретілген ит көліктерді тексергеннен кейін, жолдары ашық. Шекараны өту тәртібі жеңілдетілгеннен кейін, жолаушылар саны күніне бірнеше мың адамға дейін артқан. 

 

Қадырбек СОПУЕВ, ҚР ШЕКАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 

Жолаушылар мен автокөліктер саны артқандықтан, қызметкерлеріміз бен техникалық құрал-жабдықтарымызды да көбейттік. Бұрын бізге қатысы болмаған тағы да екі қызмет атқаратын болдық. Бұл -радиациялық бақылау мен салық органдарын  хабарландыру.

 

Ал бұл – «Манас» халықаралық әуежайының карго-терминалы. Елдің басты әуе қақпасы арқылы күніне жүздеген тонна жүк өткізіледі. Қырғызстан Еуразиялық Экономикалық Одаққа кіргелі, мұнда да кеденшілердің жұмысы едәуір жеңілдеді.  

 

Кубаныч ЖУНУШЕВ,  «МАНАС» КЕДЕН БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 

Егер тауарлар Одаққа мүше елдерден  келсе, ол кеден бақылауынан өтпейді. Инспекторларымыз тек саны мен мөлшерін тексереді. Жүк құжаттарымен сәйкес келсе, 20 минут уақыты кетеді. Осыдан кейін иесі тауарын алып, терминалдан алып шығады.

 

Жақын арада Қырғызстан тағы да бір жеңілдікке ие болады. Елдегі куәлік беру зертханалары қажеттінің бәрімен жабдықталғаннан соң, ветеринарлық бақылау да алынып тасталады.

 

Сурет: berlek-nkp.com