Алматы облысында тікұшақ құлаған аймақтан 5 адамның денесі табылды

Алматы облысында тікұшақ құлаған аймақтан 5 адамның денесі табылды

Алматы облысында апатқа ұшыраған тікұшақтың ішінде болған адамдардың барлығының денесі табылды. Ақын Сара ауылында арнайы құрылған штаб өкілдері таратқан мәлімет бойынша оның  бортында 5 адам болған. Әуе көлігінің сынықтары Қапал ауылының бұрылысынан 3 шақырым жерден табылды. Төтенше жағдайлар департаментінің осы өңірдегі өкілі Әнел Мұратбекованың мәлімдеуінше, құтқарушылар әлі де сол аумақта жұмыстарын жалғастыруда. Оған 432 адам, 73 техника жұмылдырылған. Құтқару қызметінің мәліметіне сүйенсек, тікұшақпен байланыс Ақсу, Ескелді аудандарының маңында жоғалған. Бұл Талдықорған қаласы әуежайынан 18 шақырым жер.  Тікұшақ бортындағы екі айлық сәби ем қабылдау үшін дереу ауруханаға жеткізілуі тиіс болатын.  Республикалық санитарлық авиация орталығының директоры Нұрлан Ақылбековтың айтуынша, облыстық аурухананың гемотологы бүлдіршінді тексеру үшін арнайы Талдықорғаннан келген. Онымен бірге бортта санитарлық фельдшер болыпты.

 

Нұрлан АҚЫЛБЕКОВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ САНИТАРЛЫҚ АВИАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бала кішкентай, жаңа туған сәби десек те болады, ауруханаға дереу жеткізілуі тиіс еді. Оған жедел жоғары деңгейде көмек көрсетілуі қажет болды. Сырқаттың нақты себебін анықтау үшін Талдықорғандағы облыстық балалар емханасының гемотология бөліміне жіберілді

 

Апатқа ұшыраған тікұшақ  "Аспан" жеке компаниясына тиесілі. MD 600N — АҚШ-тағы «MD Helicopters» компаниясында шығарылады. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 252 шақырымды құрайды екен.  

 

Қазір тікұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Төтенше оқиға болған жерге Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко да ұшып барды.   

 

 

 

Сурет: today.kz