Астрахань қазақтары ана тілін үйренуде

Астрахань қазақтары ана тілін үйренуде

Ресейдегі қандастарымыз ана тілін үйренуге күш салып жатыр. Орта мектептер мен жоғары оқу орындарында арнайы курстар ашылып, жастар қазақ тілін меңгеруде. Олардың көбі болашақта тарихи отанына оралып, қызмет етуге ниетті. Астрахань техникалық университетіндегі қазақ тілі курсы екі жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді.

 

Светлана ВАЛИЕВА, АСТРАХАНЬ МЕМЛЕКЕТТІК ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ҚАЗАҚ ТІЛІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

 

 Түрлі-түрлі ұлттар өздері оқимыз деп екінші тілге қазақ тілін оқып жатыр. Қазақ тілін оқығанды жақсы көреді. Көп адамдар қазір Астраханьда қазақ тілінде сөйлесе алады. Жұмысқа да кіріп кетіп жатыр жақсы-жақсы жерлерге, қазақ тілі керек жерлерге. Сосын өздері айтады қазақ тілін білген адам, екі-үш тіл білген адам осы күнгі заманның шарты деп санайды. 

 

Қазақ тілін орыс, татар, шешен секілді көптеген ұлт өкілдері оқып жатыр. Өйткені олар Қазақстандағы мұнай-газ кәсіпорындары,  әсіресе Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты, мұнай химиясы кешендерінде еңбек еткісі келеді. Ал қандастырымыз «ана тілін келешек ұрпақ үшін сақтап қалғымыз келеді» дейді.  

 

Әзизә СҰЛТАНОВА, АСТРАХАНЬ МЕМЛЕКЕТТІК ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 

Біз қазақ тілін әдебиетті, мәдениетті, тарихымызды, дәстүрімізді білу үшін оқимыз. Қазақ тілін өз балаларыма үйреткім келеді.

 

Астрахань қазақтарының қазақ тілі мен мәдениетін өркендету мақсатында құрған «Жолдастық» атты орталықтары жемісті жұмыс істеп тұр. Бүгінде Ресейдің бұл көпұлтты өңірінде 150 мыңға жуық қандасымыз тұрады. 

 

Сурет: 24.kz