Еуропарламент депутаты: Н.Назарбаевтың бастамалары заманауи

Еуропарламент депутаты: Н.Назарбаевтың бастамалары заманауи

Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның штаб-пәтерін Нью-Йорктен Азияға көшіру идеясы әлем назарын  экономикасы қарқынды дамып жатқан өңірге аударды. Берлин Еуразиялық клубының 15-ші отырысында еуродепутат Ивета Григуле осылай деді. Саясаткердің пікірінше, Қазақстан басшысының бастамалары заманауи және ақылға қонымды. Сондай-ақ, Елбасының Ұйым жанындағы жаһандық әлем дамуы жөніндегі "Жаңа болашақ" атты тұжырымдамасын ұйымға мүше елдерде қауіпсіздік пен бейбітшілікті дамыту жоспары деп қабылдау керек, дейді депутат.

 

Ивета Григуле, Еуропарламент депутаты:

Бұл - өте маңызды мақсат. Қазір әлемде  соғыстар, қақтығыстар, эмбарго мен санкциялар көп. Егер барлық елдер бірігіп, өз халқының қамын ойласа, бұл мәселелердің шешімін табуға болушы еді. Сондықтан бұл идея қай жағынан қарасақ та ақылға қонымды.

 

Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016-шы жылы БҰҰ-ның Халықаралық конференциясын жоғары деңгейде шақыру туралы ұсынысы украиналық депутаттар тарапынан қолдау тапты. Осы елдің xалық қалаулысы Евгений Мураев xалықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге арналған конференция Украина дағдарысын бейбіт жолмен реттеуге мүмкіндік береді деп есептейді.

 

Евгений МУРАЕВ, УКРАИНАНЫҢ ХАЛЫҚ ДЕПУТАТЫ:

Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзімен мен толық келісемін. Бүгінде біз әлемдегі геосаяси жағдайдың тұтқыны болдық. Мен мұны Украина тұрғыны ретінде жақсы білемін. Соңғы жылдары бірнеше мемлекет егемендігінен айырылып, қазір экономикалық, әлеуметтік қиындықтарды басынан кешіп жатыр. Өкінішке орай, Украина да осы елдердің қатарына қосылуға жақын. Сондықтан бұл мәселелерге жаһандық қауымдастық араласпаса, олар оң шешімін таппайды.

 

 

Сурет: rus.delfi.lv