Елбасы БҰҰ штаб-пәтерін Азияға көшіруді ұсынды

Елбасы БҰҰ штаб-пәтерін Азияға көшіруді ұсынды

Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясының 70 сессиясы аясында саяси дебаттарға қатысты. Онда Елбасы БҰҰ штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынды. Пікірінше, 21- ғасырда даму орталығы Азияға қарай ойысады. Сондықтан аймақтың адамзат дамуына қосар үлесі орасан, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Азияның дамып келе жатқан  экономикаларының қуатты серпіні жаһандық үдерістердің жаңа сипатын танытып отыр. Осы үдерісті ескере отырып, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына жаңа серпін беру үшін бұл тарихи мүмкіндікті пайдаланудың маңызы зор. Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынамын. 

 

Кезінде бейбіт өмірді қамту үшін құрылған БҰҰ тариxи міндеттерін абыроймен атқарды. Енді оны заңды құрылым ретінде сақтап қана қоймай, жаңғырту маңызды. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның 2045 жылға дейінгі жаңа стратегиясын қабылдауды ұсынды. Жалпы, саяси дебат қызу өтті. Кейбір лидерлер регламентке қарамастан 30-40 минутқа дейін баяндама жасады.

 

Барак ОБАМА, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

АҚШ жаһан түйткілдерін жеке дара шеше алмайды. Қазіргі дағдарыс жағдайында бірікпесек, мемлекеттердің қуаттылығына қарамастан тығырыққа тірелеміз. 

 

Си ЦЗИНЬПИН, ҚХР ТӨРАҒАСЫ:

Барлық саяси шешімдер әр елдің мүддесіне сай қабылдануы тиіс. Барлық тараптарға өзара тиімді ықпалдастық керек.

 

Әлем лидерлері жаһандық мәселелерді көтерді. Биік мінбеден Сирия жайы, экономикалық дағдарыс, халықаралық терроризм, босқындар мәселесі айтылды.

 


Сурет: www.un.org