Ауылдарға интернет тарту жұмыстары субсидияланады

Қашықтан оқу, жұмыс істеу, онлайн қызмет түрлерін пайдалану. Осының бәрі шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болады. Жыл соңына дейін 5 331 елді мекенді интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл жөнінде Сенатта өткен Үкімет сағатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті.

Оның айтуынша, қазір бұл бағытта екі ауқымды жоба іске асырылуда. Бірінші жоба - бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы оптикалық интернетті шалғайдағы ауылдарға жеткізу. Осының арқасында 2,4 млн адам тұратын 1260-қа жуық ауылға интернет желісі тартылуда.  Екінші жоба 250 адамнан көп тұрғыны бар 928 ауылды 3G және 4G, сондай-ақ басқа технология бойынша мобильді интернетпен қамтуды көздейді. Министр ауылдағы үйлерге интернет тарту бағытында субсидия ескерілетінін де тілге тиек етті.  

БАҒДАТ МУСИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:

 - Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендерде сымды телефония қызметтері мен пошта қызметтері жыл сайын 8 млрд теңгеге субсидия алуда. Біз енді интернетті ауыл үйлеріне дейін жеткізу үшін телеком операторларын ынталандыру ретінде оптикалық байланыс және басқа технологиялар арқылы қосылған интернетті үйге жеткізуді субсидиялайтын боламыз. Нәтижесінде, ауылдық елді мекендердің тұрғындары қазіргі заманғы көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік алады.

Министрдің айтуынша, ауылдарда кең жолақты байланыс желілерін салуға арналған қаражатты осы жұмысқа қайта жұмсағаны үшін салықтық жеңілдіктер беру ұсынылып отыр. Ал интернеттің сапасын бақылау үшін арнайы қызмет іске қосылды. Сонымен қатар, мемлекеттік бақылауды жүргізу мақсатында жыл соңына дейін 17 жылжымалы өлшеу кешендері сатып алынады.

 

Фото: egemen.kz