«Ашық Үкімет» порталының жаңа жобасы әзірленеді

«Ашық Үкімет» порталының жаңа жобасы әзірленеді

«Ашық Үкімет» порталдарының барлығы ескірген. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева онлайн форматта өткен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында  айтты. Министр қолданыстағы жүйенің ескіруінен «Ашық бюджеттер» порталын Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен ықпалдастыру үрдісінде қиындықтар туындап отырғанын жеткізді.

«Сондықтан сәулетін қайта қарап, «Ашық Үкімет» барлық порталдарының жаңа нұсқасын әзірлеу қажет. Біз тиісті министрлікке нақты сұраныс жібердік. Меніңше, ол жақта жақсы шешім қабылдып, бұл сауалдарға оңтайлы жауап болады», - деді Аида Балаева.

Жиында «Ашық бюджеттер» порталын жетілдіру бойынша жұмыс жоспарының орындалу мәселесі талқыланды. Қаржы-вице-министрі Руслан Еңсебаевтың сөзіне қарағанда жақын арада Қазақстанда мемлекеттік бюджетті жоспарлау электронды форматқа көшірілмек. Нәтижесінде мемлекеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыру, бюджеттік жоспарлау ашықтығын қамтамасыз ету, кері байланыстың тиімділігін жақсарту міндеттері шешілетін болады.

«Соңғы 2 жылда бюджеттік жоспарлаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Биыл 2021-2023 жылдардың бюджетін жоспарлауды қағазсыз электронды түрде жүзеге асыруға ниеттеніп отырмыз. Бүгінде бұл жүйені Қаржы министрлігінің және өзге де мемлекеттік органдардың түрлі жүйелерімен ықпалдастырып жатырмыз. Қазіргі уақытта «Ашық бюджеттер« порталымен мәліметтерді ықпалдастыру бойынша жұмыстар жасаудамыз. Онда бюджеттік өтінімдер, сонымен қатар бюджет жобасы автоматты түрде порталда жарияланатын болады» - деді Руслан Еңсебаев.

Өз кезегінде ақпарат және қоғамдық даму министрі «Ашық бюджеттер» порталының жұмысын халыққа кеңінен жеткізіп, ақпараттаныру мәселесіне баса назар аударды.

«Жалпы қазіргі таңда мемлекеттің қаражаты қалай жұмсалып жатқаны және оның тиімді жаратылуы, әр жобаның жүзеге асырылу барысы барлық азаматымызды мазалайды. Осыған орай «Ашық бюджеттер« порталының бар екендігін, онда мемлекеттік органдар қаражаттарының барлығы халыққа ашық екендігін көрсету керек. Мұндай ақпараттандыру жұмысы жүргізіліп жатқан жоқ. Көпшілік осындай үлкен портал бар екенін, барлық мемлекеттік органдардың бір порталға жұмылдырылғанын білмейді. Бұл өзекті мәселелердің бірі. Өйткені, көптеген мәселе халықтың түсінбеуінен туындап жатады», - деді Аида Балаева.

Айта кетейік, онлайн форматта өткен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың ақпаратқа қол жеткізу мәселелері, мемлекеттік органдардың ашықтық деңгейін жыл сайынғы бағалаудың негізгі қорытындылары, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай тұғырнамасының жұмысы мәселелері де талқыланды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: gov.kz