Карантин цифрлық трансформацияны жеделдете түсті: қалаларда ақылды технологиялар қарқынды дамытылуда

Карантин цифрлық трансформацияны жеделдете түсті: қалаларда ақылды технологиялар қарқынды дамытылуда

2020 жыл елімізде ақылды технологиялардың дамуына ерекше ықпал етті. Сарапшылардың айтуынша, соңғы уақытта цифрландырумен байланысты бастамаларға деген көзқарас өзгерген. «Зерде» холдингі мамандарының айтуынша, Қазақстанда қазір бұл бағытта 100-ден аса жоба жүзеге асырылуда. Және негізінен мемлекеттік қызметтерге басымдық берілуде. Олардың барлығын цифрландыру қажет, дейді мамандар. Ал бұл жақын уақытта жұмыс форматын өзгерту туралы ойламаған көптеген инстанциялар онлайнға көшуі әбден мүмкін деген сөз.

«Қаладағылар цифрландырудың пайдасы туралы ойлана бастады және осы бағыттағы жұмысты күшейте түскен. Әсіресе, биыл белсенділік ерекше жоғары. Қалалар мен орталық мемлекеттік органдар арасында тәжірибе алмасу күнделікті тірлікке айналған. Әр әкімдікте қаланы цифрландыру мәселесімен айналысатын әкімнің орынбасары бар. Цифрландыру бастамалары биылдан бастап ерекше назарға алынғаны байқалады», - дейді «Зерде» Ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингі басқарма төрағасының орынбасары Аян Дүйсебаев.

Бірінші кезекте, қалалар адамдар үшін ыңайлы болуы қажет, дейді мамандар. Басқа сөзбен айтқанда, цифрландыру өмірдің барлық салаларын қамтып, қызметтерді қолжетімді етуі тиіс.

«Қазіргі уақытта қоғамдық көлікте жолақыны онлайн төлеу жүйесін енгізу бойынша жобалар қарастырылуда. Жер қатынастарын цифрландыру қолға алынған. Бұл жер телімдерін цифрлық сервистер арқылы бөлуді қарастырады. Биыл 100 пайыз цифрландыру міндеті қойылған. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бағытында да жұмыс жүргізілуде», - деп мәлім етті Аян Дүйсебаев.

Сондай-ақ қаладағы қауіпсіздік деңгейін көтеруге бағдарланған жобалар көп. Олардың аясында жолдарда, қоғамдық орындарда қосымша бейнебақылау камераларын орнату ұсынылған. Жалпы, бүгінде қала тіршілігіне қатысты 11 салаға диджитал технологиялар ендірілуде.

«Денсаулық сақтау және білім беру салаларында да цифрландыру жобалары бар. Пандемия қашықтықтан оқыту бағытындағы жұмысты күшейту керектігін көрсетіп берді. Қазір білім беру бойынша онлайн-платформа әзірлеу мәселесі қарастырылуда», - дейді ол.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: bigdataschool.ru