АХҚО EduTech орталығын және Білім беру АТ Альянсын құруды ұсынады

АХҚО EduTech орталығын және Білім беру АТ Альянсын құруды ұсынады

Жаңа заманда жаңа дағды қажет. Атап айтқанда, цифрлық экономика жаңа формацияның мамандарын талап ететін болады. Азаматтарды бәсекеге қабілетті ету, адами капиталды тиімді дамыту – әр мемлекет үшін маңызды стратегиялық маңызды мәселе. Өйткені елдердің экономикалық өсуін ынталандыратын даму факторларының моделіне сәйкес адам капиталының даму деңгейі – экономикадағы сапалы құрылымдық реформалардың катализаторы. Өзекті тақырып Қазақстанда жоғары деңгейде назарға алынған.

«Адами капиталды дамыту тиісті мемлекеттік ведомстволардың немесе білім беру мекемелері мен институттардың ғана міндеті емес. Адами капитал — шағын кәсіпкерлік субъектілерінен бастап, ірі холдингтер мен ұлттық компанияларға дейінгі экономиканың барлық салалары үшін өзекті күн тәртібі мен өткір сын-қатер», -  деп мәлім етті «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов министрлер кабинетінің отырысында.

Бұрын EdTech, HR-Tech, talent-Tech сияқты бейтаныс сөздер Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа дәуірінде әбден сезілетін формаларға ие болады. Бүкіл әлем бойынша «One Million Arab Coders» (БАӘ) бағдарламасы сияқты ауқымды бастамалар құрылуда. Оның мақсаты – Таяу Шығыс елдеріндегі халықты жұмысқа орналастыру үшін қажетті технологиялық дағдыларға жаппай даярлау.

АХҚО Сингапурлық «Skills Future» бағдарламасының тәжірибесін масштабтауды ұсынады. АХҚО-ның үздіксіз кәсіби даму бюросы оны қаржы индустриясының мамандарын даярлау үшін табысты бейімдеді

«Бұл бағдарламаның негізгі аспектілері өндірістен қол үзбей үздіксіз кәсіби даму, жобалық тәсіл мен оқытудың белсенді әдістемелерін және индустрия мен академиялық білім беру қоғамдастығының тығыз өзара іс-қимылы есебінен оқыту бағдарламаларының қолданбалы сипатын қолдану болып табылады», - деп атап өтті Қайрат Келімбетов.

Сарапшылар халықтың базалық цифрлық сауаттылығын EduTech білім беру технологиялық бағдарламаларын дамыту орталығында арттыруды ұсынады.

«Барлық білім беру бағдарламасын мектеп, колледж және ЖОО деңгейінде өзектілендіру және оқуға жобалық тәсіл енгізу ұсынылады. Әртүрлі дайындық деңгейі үшін қарқындылығы мен ұзақтығы бойынша әртүрлі модульдерді әзірлеу маңызды. Біздің ойымызша, бұл бастама алдағы 5-10 жылда 1 млн-нан астам адамды қамти алады», — деді Қайрат Келімбетов.

Ал Білім беру АТ Альянсы өңірлік және әлемдік нарықтарда бәсекеге қабілетті жоғары білікті АТ-мамандарды даярлайтын болады. 2025 жылға қарай 50 мың кадр дайындау қажет. Осы міндетті орындау үшін АТ Альянсын Астана АТ Университеті, «Әлем» бағдарламалау мектебі, QWANT жоғары технологиялар мектебі жобаларының негізінде құру ұсынылады.

«Сонымен қатар қазіргі уақытта АХҚО мен Дүниежүзілік экономикалық форум арасында АХҚО базасында Төртінші өнеркәсіптік революцияның үлестес орталығын құру туралы келісімге қол жеткізу жұмыстары аяқталуда, ол сондай-ақ Альянс қызметіне белсенді қатыса алады», — деп мәлімдеді қаржы орталығының басқарушысы.

 

Фото: norma.uz