Үкіметте «Цифрлық білім» жобасы таныстырылды

Үкіметте «Цифрлық білім» жобасы таныстырылды

Қазақстандық оқушылар мектеп табалдырығын аттағаннан бастап «Цифрлық сауат» пәнін оқитын болды. Жаңа жоба келесі жылдан жаппай ендіріледі. Бұл жөнінде білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

«Орта білім беруде 2013 жылға дейін ақпараттық техологиялар пәні 7-сыныптан басталып, ескірген мазмұннан тұрды. Одан кейін 5-сыныпқа түсірілді. Бірақ осы бағдарламаларда көбіне компьютер пайдалану, кеңселік қосымшаларды игеру сияқты қарапайым дағдылар бердік те, осы бағдарлама жаңартуды талап еткен болатын. Сондықтан енді 2021 жылдан бастап «Цифрлық сауат» пәні 1-сыныптан бастап енеді. Балалар алгоритмді, ақпараттық гигиена мен қауіпсіздікті, Scratch кодтау тілін үйренеді. STEM, 3Д-принтинг, робототехника негіздерін игереді», - деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, оқушылар сонымен қатар IOS, Android операция жүйелерін және Python, С++ сияқты программалау тілдерін үйренеді. Ол үшін елімізде облыс орталықтарында жаңадан 25 арнаулы IT-лицей ашылды. 447 STEM зертханасы мен 2 мыңға жуық робот техникасы кабинеті ұйымдастырылып отыр. Асхат Аймағамбетов Үкіметке ел азаматтарының сандық технологиялар тұрғысында сауатын ашумен қатар терең жетілдіруге мүмкіндік беретін  «Цифрлық білім» жобасын іске асыру жобасында ұсынды.

 

«Жоба негізгі үш бағытты қамтиды. Бірінші - базалық цифрлы құзырет. Барлық азаматтарға бағытталған. Мұндай бағдарламалардың мазмұнына: күнделікті өмір үшін қажет IT құралдарды пайдалану, цифрлық ортада бағдарлау, қарапайым ІТ өнімдерін жасау сияқты дағдылар кіреді. Екінші - мамандандырылған ІТ-кадрларды даярлау. Нарықтың сұранысына сәйкес жоғары сапалы, ІТ саласын терең игерген 320 мың маман дайындау көзделіп отыр. Үшінші - басқа сала жұмыскерлерін IT құзыретпен ұйқастырып даярлау. Бұл ретте барлық саланың білім алушылары IT құзыретін өз мамандығымен қоса пайдаланатын деңгейде меңгереді», - деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, мысалы медицина, ауыл шаруашылығы, құрылыс, заң және басқа да салада оқитын студенттер осы цифрлық құзыретті игеріп, пәнаралық маман болып шығады. Осы жобаның нәтижесінде терең IT білімі бар жаңа мамандар шығарылады. Аталған жобаның шеңберінде жыл сайын 400 мыңнан астам кадр «цифрлық құзыретке» ие болып шығарылады. Осылайша, 2030 жылы әр деңгейдегі оқу орындары жаңа формациядағы 3 миллионнан астам маман даярлау жоспарланған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: aqtobegazeti.kz