Қазақ халқының мәдени құндылықтары цифрлық қосымшаға біріктірілді

Қазақ халқының мәдени құндылықтары цифрлық қосымшаға біріктірілді

Қазыналы қазақ халқының ұлттық мұраларын заман ағымына сай жаңғырту. Тамыры терең тартқан салт-дәстүр, әдет ғұрып, мәдени, әдеби және рухани құндылықтар қазіргі технологиялар тіліне келтірілді. Бәз-баяғы қалпында сақталып келетін осынау көненің көздерінен сыр шертетін арнайы қосымша енді планшет немесе смартфонда қолжетімді. «Жетi қазына» атты мобилді энциклопедияны Android немесе iOs электронды тұғырнамаларында жүктеп алуға болады. Бұл танымдық маңызы айрықша қосымшаны мемлекеттік тілді дамыту қоры әзірлеген.

«Қазақ халқының дүниетанымында «жеті қазына» ұғымы ерекше мазмұнға ие. Халқымыз үшін қасиетті санға айналған жеті саны ұлтымыз үшін қастерлі ұғымдар мен түсініктердің мәнін толықтырады Мәселен, жеті ырыс, жеті жарғы, жеті ғалам, жеті ата. Көшпенді халықтың жеті қазынасына айналған ақылды әйел, жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан және тайқазан ер жігіттің өмірлік қажеті деп саналған. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы осы философиялық түсініктер  «Жетi қазына»  мобильді қосымшасының тұтастай құрылымы мен мазмұнына арқау болды», - дейді Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев

Қосымшаның «Киелі сандар сыры», «Салт-дәстүр», «Асыл мұра», «Сөз сандық», «Алтын зер», «Тайқазан», «Ұлы дала ғажайыптары» деп аталатын 7 бөлімі қазақ және орыс тілдерінде мол мағлұмат береді. Электрондық ресурс ата-бабамыздан қалған мұра ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп келе жатқан тарихи аңыздар мен шежіреден сыр шертеді, мәдени құндылықтарымызды таныстырады. Түрлі түсті карта, диаграмма, кестелер және фотосуреттерден тұратын энциклопедия тың деректермен ұдайы толықтырылып тұрады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: fnn.kz