Технодәуір: инновациялардың шоу-бизнеске әсері

Технодәуір: инновациялардың шоу-бизнеске әсері

Қай саланы болмасын жаңа технологияларсыз елестету мүмкін емес. Ол адам өмірінің барлық салаларына барынша ендіріліп жатыр. Заман ағымына сай ноу-хау әзірлемелер ойын-сауық саласына да жетті. Қазақстандық бишілер ерекше стартапты жүзеге асыруда. Спорттық брейк биінен әлем чемпиондары Әділет пен Дәулет Анарбековтар Нұр-Сұлтан қаласында би мектебін ашты. Оның ерекшелігі – хореографияға арнайы қосымша арқылы үйрету. Ойларын іске асырмас бұрын өнертабыс иелері кәсіби мамандардың көмегіне жүгініп кеңес алған, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

«Әңгімелеріміздің бірінде Әділет пен Дәулет биге үйретуге арналған еден кілемшесін жасағысы келетіндерін айтқан еді. Бұл тың жоба олардың көптен бері ойларында жүрген. Кілемшеде қол мен аяқты қайда қоюға болатынын көрсетіп тұратын арнайы белгілер бар. Осыған қатысты бір сызбаларын көрдім. Біз оларды жетілдіріп, түрлі қимылдарды онлайн үйретуге мүмкіндік беретін ақылды үй кілемшесін ойлап таптық», -  дейді сарапшы Ринат Латыпов.

Әлемде биге қашықтан үйрететін әдіс түрлері көп. Алайда, олардың бәрі тек бейнесабақтар форматынан аспайды. Бұндай бейнежазбалар өздігінен ғана үйрернуге мүмкіндік береді. Кері байланыс жоқ. Ұқпаған қыр-сырын ешкім түсіндіріп, жіберген қателерін түзеп жатпайды. Осының салдарынан бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей, тастап кететіндер көп. Бұндайды болдырмас үшін қазақстандық стартапшылар арнайы белгідері бар кілемше ойлап тапты. Осы арқылы оқу үрдісі түсінікті, жылдам әрі қызықты өтеді, дейді Әділет.

«Оны пайдаланатын адамдар оқытушының кілемшенің қай тұсына басқанын анық көріп, еш қиындықсыз қайталай алады.  Қимылдар сандар мен әріптерден тұратын арнайы формулалар арқылы жасалады. Сен келесі жасайтын қадамыңды білген кезде оқу үрдісі әлдеқайда оңай әрі жылдамырақ жүреді. Құрған бағдарламамыз негізінен ойынға ұқсас.  Сондықтан есте жақсы сақталып, жетістікке жетуге ынталандырады», - дейді Әділет Анарбеков.

Қашықтан биге үйрететін жүйеге алдын ала АҚШ елінде патент алып үлгерген. Оның өндірісімен компания Германия аумағында айналыспақ. Қазіргі таңда бұл жобаның сайты мен жеке кабинеті құрылып жатыр. Сондай-ақ айта кетерлік жай, оқу дыбыспен берілмейді. Бұл халықаралық нарыққа шыққан кезде тілдік кедергілер болмас үшін жасалған. 

Қазақстандық сахна жұлдыздары да ерекше қосымшаны пайдалана бастады. Ол ұялы байланыс телефонына немесе планшетке орнатылады. Ол арқылы отандық шоу-бизнес өкілі төл туындысының кез-келген әлем елдерінің қай қаласында болсын орналасқан ғимаратта орындалып жатқанын көре алады. Ондай болған жағдайда бірден шығармашылық қаламақысы аударылады. Яғни, жоба қазақстандық музыканттар мен әншілердің авторлық құқығын қорғауға бағытталған. Бүгінде бұл қосымшаның қызметімен «Дервиши»  «Үркер», «Арай» топтары және  әнші Карина Абдулина мен Айқын Төлепберген пайдаланады.

«Шығармашылық туындыны көпшілік алдында орындауға қатысты авторлық және сабақтас құқықтар заңы бар. Оны мейрамхана, дәмхана немесе дүкен иелерінің бәрі біле бермейді. Алайда, бұл заңдарды білмеу оларды жауапкершіліктен босатпайды. Егер де туындылары көпшілік алдында орындалса, қаламақы өтелуі тиіс. Оны әншілерге біз береміз. Ал қоғамдық орындар оның құнын бізге төлейді. Арнайы қосымшалар осындай халық көп шоғырланатын орындарда да бар. Олар өздері қолдана алатын туындыларды қояды. Біз оның бәрін онлайн жүйеден көріп отырамыз», - дейді жоба авторы Дмитрий Пангаев. 

Әзірге елімізде жобаны жүзеге асыру үшін ресейдің сандық тұғырнамасы қолданылады. Жақында жүйенің отандық үлгісі іске қосылмақ. Дмитрий Пангаев енді бір осы текті өнертабысымен бөлісті. Ол телеарна, радио, интернет көрсетілімдер сынды сандық кеңістікте орындалған туындынды авторының құқығын қорғауға арналған. Оның пікірінше, БАҚ жарияланған төл өнімі үшін  қаламақы төленуі тиіс. Белгілі болғандай радиостанциялар  тек авторлық қауымдастықтарға төлейді. Енді оның құны сазгерлер, ақындар мен орындаушыға да өтелетін болады.  Қосымша осыны реттеуге арналған.

Компанияның есептеуінше, отандық музыкалық өндіріс нарығының жылдық көлеңкелі айналымы кемінде 15 миллион доларды құрайды. Сарапшылардың пікірінше, осындай заманауи жүйелер есепсіз қалған саланың айналымын бір жүйеге келтіруге септесетін болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: texterra.ru