Қазақстандық стартапқа $100 000 инвестиция тартылды

Қазақстандық стартапқа $100 000 инвестиция тартылды

Карантин IT-стартаптардың дамуына серпін берді. Төтенше жағдай кезінде үйде бос отырмаған белсенділер ойларын жүзеге асырудың амалдарын іздеді. Көбі оның ұтымды жолдарын тауып, жобаларын нарыққа шығарып үлгерді. Былтырдың соңында іске қосылған бастамалар да дамудың жаңа бағыттарын тапты. Олардың бірі – ата-аналардың баланы бақылауына арналған мобильдік қосымша. Бүгінде ол әлемдік нарыққа жол тартты. Жоба авторлары бұл ойды халықаралық деңгейге шығару үшін 100 мың доллар көлемінде ағылшын инвестициясын тартқан. Қосымшаның мүмкіндіктері жайында геотрекингтік қызмет түрінің негізін қалаушы Асат Ашаманов арнамызға берген сұхбат барысында айтып берді.

Еске салайық, мобильді қосымша өткен ақпан айында Қазақстанда кеңінен таныла бастады. Ол ата-аналарға балаларының қайда жүргенін біліп отыруға  арналған. Және балаларды өзін-өзін дамытып, тек  пайдалы істер атқару үшін ынтыландырады.

«Бүгінгі таңда біздің қосымша  170 мыңнан астам рет көшірілген. Оның 20% қазақстандықтар,  74%ресейлік, 6% ТМД және Еуропа мемлекеттерінің пайдаланушылары. Жалпы 26 мың белсенді қолданушы тіркелген», - дейді Асат Ашаманов.

Енді өнертабыс иелері әлемдік нарыққа көз тігіп отыр. Жобаны Израиль АҚШ, Ұлыбритания елдеріне шығару көзделген. Қосымша әлемнің 11 тіліне аударылды. Тартылған инвестиция істерін жетілдіруге жұмсалады.

«Осы жазда баланың ой-өрісін дамытуға бағытталған интерактивті онлайн ойындар қосатын боламыз. Жүлделерді біздің балалар дүкендерінің демеушілері береді. Қазір бірқатар дүкендермен осындай келісімдеп жасап жатырмыз. Есесіне оларды жарнамалайтын боламыз», -  дейді жобаның негізін қалаушы.

Жобаны іске қоспас бұрын стартапшылар шетелдік баламалы үлгілерін жан-жақты зерттегендерін айтады. Әлемдік нұсқаларын пайдаланушылардың тек 10-15% балалар құрайды. Отандық авторлар болса мақсат жеткіншектердің өздерін барынша қызықтыру дейді. 

«Біз бәсекелестерге қарағанда тұрақты клиенттік базаны ұстап тұруға үш есе артық күш жұмсамыз. Ата-аналардың пікірінше, мобильді  ойындар баланың дамуына кері әсерін тигізеді. Біз бұл пікірді керісінше қалыптастыратын танымдық ойындар құруды жоспарлап отырмыз», - дейді Асат Ашаманов.

Қазақстандық инноваторлар бұл жобаны биылдан қалдырмай әлемдік нарыққа шығаруды жоспарлап қойған. Есептеулерінше, алдағы 6 айда бұл қосымша кемінде екі миллион рет көшіріп алынады деп болжанған. Белсенділік 30%-дан кем болмауы тиіс. Бұл стартап Astana Hub акселерациялық бағдарламасының қатысушысы екенін айта кеткен жөн.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kapital.kz