Көрме индустриясындағы жаңа трендтер: Азиядағы ірі сауда жәрмеңкесі онлайн өтеді

Көрме индустриясындағы жаңа трендтер: Азиядағы ірі сауда жәрмеңкесі онлайн өтеді

Коронавирус пандемиясы өмірдің барлық салаларына өз әсерін тигізбей қоймады. Қазіргі қоғамда әлеуметтік қашықтықты сақтау, өзін-өзі оқшаулау және эпидембақылау қалыпты құбылысқа айналса, әлем экономикасында цифрландыру мен ноу-хау ендірмелер жаңа стандарттарға айналған. Технологиялық және реформаторлық шешімдерге бел буғандар қатардан қалмайтыны анық. Мысалы, онлайн-форматқа жаппай ауысу көрме индустриясының ірі ойыншыларын өз стратегияларын өзгертуге мәжбүрлеп отыр.

«Біз жәрмеңкенің сайтын жасаумен шектелген жоқпыз. өтетін шараның мүлдем жаңа тұжырымдамасын әзірледік. Big data, бұлтты есептеулер және жасанды интеллект сынды технологияларды қолдандық. Онлайнда хабарлама алмасу құралдары, бес миллионға дейін жеке чат-румды іске қосу мүмкіндігі көрмеге қатысушылардың кедергісіз байланыс жасауына жағдай жасайды», -дейді Қытайлық импорттық-экспорттық жәрмеңкенің ұйымдастыру комитетінің өкілі Сюй Бин.

Жаңа ұсыныстар кәсіпкерлердің көңілінен шыққан. Олар толыққанды онлайн-трансляциялар жүргізуге дайындалып жатыр. Онлайн-көрменің де тиімділігі жоғары болады, деп сенеді бизнесмендер.

«Бұл жерде уақыт және павильон алаңы сияқты шектеулер жоқ! Біз станоктар, басқа да құрал-жабдықтар шығарамыз. Бұрын өз өнімдеріміздің кішірек түрлерін ғана көрмеге қоятынбыз. Ал енді интернет пайдаланушылар барлық құрал-жабдықтарды көре алады. Бұған қоса, біз оларға өзіміздегі өндірістік процесті де көрсете аламыз», -  дейді көрмеге қатысушы Гу Цзинь.

Е-форматқа ауысу көрме индустриясының түбегейлі трансформациясына алып келуі әбден мүмкін, дейді мамандар. Енді әдемі стенд, павильонға қажет алаң және тиімді орын іздеу сынды мәселелердің маңыздылығы жоғалады. Басты назар тауарда болмақ. Енді оны әлемнің түкпір-түкпіріндегі сатып алушыларға бір уақытта көрсетуге мүмкіндік бар.

 

Фото: event.ru