«Жасыл» жолмен: Қазақстанда баламалы қуат көздері қарқынды дамуда

«Жасыл» жолмен: Қазақстанда баламалы қуат көздері қарқынды дамуда

Түркістан облысы Кентау қаласының маңында қуаты 50 мегаватт болатын күн электр станциясы салынады. Нысан құрылысына арнап 200 гектар жер бөлінді. Бұл туралы қала әкімдігінен хабарлады.

«Жыл соңына дейін Қотырбұлақ елді мекенінде электр станциясының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Ол күннен қуат өндіретін болады. Жоба құны - 15,9 миллиард теңге», - деп мәлім етті Кентау әкімдігіндегілер.

Осыдан екі апта бұрын Ақмола облысында жалпы қуаты 100 МВт болатын тағы бір гелиостанция іске қосылған. Оның құрылысына 30 миллиард теңге инвестиция тартылды. Нысанның жылдық қуаты 148 миллион кВт/сағатқа жетеді.

Жалпы, Қазақстанда 2019 жылы жергілікті және шетелдік инвесторлардың қатысуымен 21 баламалы қуат нысаны іске қосылған. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі күні ел аумағында күннен қуат алатын 37 станция, осыншама гидростанция, 22 жел және 5 биостанция жұмыс істейді. Былтыр қайта жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қуаты 1050 МВт-ты құраған. Биыл жаңа «жасыл» нысандарды іске қосу есебінен олардың санын 108-ге, ал өндірілетін энергия көлемін 1655 МВт-қа жеткізу көзделген.

«Үш жыл ішінде өндірілетін таза энергияның көлемі екі есеге артты. Егер 2017 жылы жаңғырмалы қуат көздерін пайдаланатын станциялар 1 млрд кВт/сағат қуат өндірсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 2,5 млрд кВт/сағатты құрады. ҚР Энергетика министрлігі биыл оны 3,15 млрд кВт/сағатқа жеткізуді жоспаларлап отыр», - деп хабарлады салалық ведомстводан.

USAID өз есебінде Қазақстанда жел энергетикасы саласында әлеует мол екенін атап көрсетеді.

«Республика аумағының жартысына жуығында 30 метр биіктіктегі желдің күші секундына 4-5 метрді құрайды. Күн қуатын пайдалануда да мүмкіндік мол, Қазақстанда күн шығып тұратын уақыт мөлшері жылына 2200-3000 сағат шамасында», – делінген құжатта.

БҰҰ ДБ сарапшылары да Қазақстанда жаңғырмалы қуат көздерінің барлық түрін дамытуға әлеует жеткілікті екенін атап көрсетеді.

«Жел, күн, су қуатын пайдалануға болады. Сонымен бірге, Қазақстанда биогаз станцияларын, биомассамен жұмыс істейтын қазандықтар, жылу және геотермалды сорғыштар орнатуға жағдай бар. Ал жел мен күн қуатын іске асыру әлеуеті бәрінен де көп. Аталған қуат көздері елдің барлық аймақтарында қолжетімді. Мысалы, республикадағы жел генерациясының ықтимал әлеуеті 920 млрд кВт/сағатты құрайды. Бұл елде өндіріліп, тұтынылатын қазіргі көрсеткіштен әлдеқайда көп», - дейді халықаралық сарапшылар.

2050 жылға қарай жаһандық энергетикалық баланстағы жаңғырмалы қуат көздерінің үлесі 35 пайызға жетеді деп күтілуде. Қазақстанда бұл көрсеткішті биылғы жылдың соңына дейін 3 пайызға жеткізу, 2030 жылы – 10 пайызға және 2050 жылы 50 пайызға жеткізу көзделген. Сарапшылардың бағалауына сәйкес, Қазақстанның жаңғырмалы қуат көздері саласына жыл сайын 625 млн доллар инвестиция тартуға мүмкіндік бар.

 

Фото: profit.kz