Балаларды қорғау үшін цифрландыруды қолдану

Балаларды қорғау үшін цифрландыруды қолдану

Сандық технология балаларды зорлық-зомбылық пен кемсітуден қорғауға көмектеседі. Astana Hub IT-стартаптарының халықаралық технопаркі және ЮНИСЕФ халықаралық ұйымы IT-әлеуметтік жобаларды акселерациялау туралы хабарлады. Жаңа идеяларды іздеу мақсатында Silab.kz сайтында байқау жарияланды.

«Егер сізде цифрландыруды қолдана отырып,  балаларға әлемді қауіпсіз ету жайында идеяңыз болса, мархабат, сайысқа қатысыңыз. Ең бастысы, сіз ұсынатын жобаларға ешқандай шектеулер болмайды. ЮНИСЕФ-тің венчурлық қоры ең жақсы жобаларды қаржыландырады. Ал Astana Hub сіздің жобаңызды акселерациялайды»,-  дейді ұйымдастырушылар.

Байқаудың мақсаты: балалар арасындағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету, балалар мен жасөспірімдер арасындағы жарақаттың алдын алу, балалардың білім беру сапасын арттыру, отбасындағы және балалардағы кедейлік мәселелері.

«Адамзат үшін қашанда өзінің пір тұтар батырлары болады. Ол үшін шамадан тыс күш пен ерекше жауынгерлік қассиеттің болуы міндетті емес. Бастысы күш-жігерің мен біліміңді ел игілігі қамында  қоғамдық  мәселелердің түйінін тарқату үшін жұмсау қажет. Қазір технологиялар дамыған заман. Сондықтан заман талабы да басқа. Егер сіз IT саласының маманы болсаңыз, онда осы төңіректе білгеніңізбен бөлісіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге ат салысуға болады. Әлеуметтік бастамалар арқылы әлемдегі балалардың өмір сүру сапасын арттыру үшін   IT технологияны кәдеге жарата аласыз», - делінген хабарламада. 

Бұл – өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған тың ойлар мен технологиялар үндескен стратегиялық бастамалар. Бұл балалар үшін қауіпсіз әрі жетілуге үндейтін әлем құру жолындағы бірегей жобалардың бірі.

 

Фото: idahofallsmagazine.com