Қазақстанда 3D баспа технологиясының дамуы қарқынды

Қазақстанда 3D баспа технологиясының дамуы қарқынды

Соңғы жылдары үш өлшемді баспа ісі дамып келеді. Қазақстанда да заманауи 3D графиикалық өнімдерге деген сұраныстың артқаны байқалады. Қазір бұл көлемді баспа ісіне айналған. 3D өнімдері үй жабдықтарын әзірлеумен қатар өндіріс, құрылыс сынды экономиканың көптеген басым бағытты салаларында кеңінен қолданыла бастады., деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Осы салаға маманданған алматылық компания 2015 жылдан бері аса күрделі макеттердің үлгілерін жасаумен айналысады. Көрме, темір жол мен әуе, өндірістік  нысандардың, үйлердің, жолдар мен өтпелдер мен тұрлі құрал жабдықтардың дәл көшірмелерін жасап шығарады. 

«Макеттік цехта қалалар, аудандар, түрлі деңгейдегі құрылғылардың үлгілері құрастырылады. Біз ұзындығы мен ені 20 сантиметрден бастап, бірнеше метрге дейінгі көлемді макеттерді шығарамыз. Алдымен арнайы компьютерлік бағдарламаның көмегімен оның құрамдас бөліктерін жасаймыз. Кейін білдекпен белгіленген өлшемдерге сай кесіп, шеберлер қолмен өздері жинайды. Аса күрделі іс шыдамдылық пен ұқыптылықты талап етеді», - дейді кәсіпорынның коммерциялық директоры Ирина Абасова.

Мамандар өндірісте тек жоғары сапалы пластмассаны қолданады. Заманауи сын-тегеуіріндерге төтеп беріп, жаңа талаптарға көсіле білетін кәсіпорын коронавирус өршіген кезде өндірісін індетпен күрес бағытына бейімдеген.  Осылайша, пандемия кезінде нарыққа мөлдір пластмассадан дайындалған бетті қорғайтын қалқандар  ұсынды.

«Италиялық инженерлер өкпені жасанды желтеткіш аппараттарына арналған пластикалық қақпақшаларды 3D принтермен басып шығаруды ойлап тапқанын естігенде мен де өзімнің әлеуметтік желілердегі парақшамнан ауруханаларға осы бағытта көмегімді ұсындым. Көбі қуана қабылдап, коронавируспен күресте қажет болатын пластмассалық бұйымдар жөнінде сұраулар жіберді. Осылайша, бетті қорғауға арналған қалқаны бар плассмассалық бас киімдер шығаруға кірістік», - дейді Ирина Абасова.

Қазір аталған қалқанның өндірісі жақсы жолға қойылған. Кәсіпорын бірінші кезекте қорғаныш жабдықтарымен жергілікті емдеу мекемелерін қамтамасыз етеді. Кейін барып қана ел көлемінде таратады. Қазір бұл өнімге сұраныс артқан. Тіпті Кедендік одақ елдері аумағында экспортталып жатыр.

Енді бір қазақстандық компания 3D өнімдерімен алдымен Орталық Азия елдерінің, содан кейін Еуропа нарығын бағындыруды көздеп отыр. Мұнда 3D принтер қолданылатын бағыттар саналуан. Тек экологиялық таза материалдар ғана пайдаланылады. Протездер, импланттар, пневматикалық қару-жарақ, құрал-жабдықтарға қосалқы бөлшектер, өнеркәсіптік құрамдастардың прототиптері жасалады. Бірнеше жыл бұрын отандық мамандандырылған компания 3D модельдеуден бастап, 3D баспа мен 3D сканерлеуге дейінгі толық циклды өндірісті іске қосқан. Алға жоспар көп. Бірінші кезекте, қаланы сканерлеу және апта сайын жаңартылып отыратын 3D карта жасау жобаларын аяқтау көзделген.

«Бізде ондай бір жоба болған. Тапсырыс берушілер тау арасында биіктігі 150 метр болатын жел генераторларын орналастыру үшін бізге таулы аймақты сканерлеуге тапсырыс берді. Сөйтіп, сол аумақты түгелдей сканерлеп шықтық. Кейін басқа мердігерлердің көмегімен желдің жылдамдығын өлшедік. Тағы басқа мәліметтер жинадық. Ақырында толыққанды карта шықты», - дейді  жобаны дамыту бойынша менеджер Расул Рысмамбетов.

Сарапшылардың пікірінше, жақын аралықта 3D баспада озық үлгідегі инновациялық бастамалар жүзеге асырылады. Саланың қазақстандық өкілдері еселеніп келетін сұранысты қанағаттандыру үшін заман ағымынан қалыспай өндіріске тың технологияларды ендіруге кіріскен.

Автор: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: 24ri.ru