Қазақстандықтар құжаттардың заңды электрондық нұсқасымен жүре алады

Қазақстандықтар құжаттардың заңды электрондық нұсқасымен жүре алады

Жақын арада Қазақстан азаматтарына бірқатар құжаттардың түпнүсқасын бірге алып жүру қажеті болмайды. Қазіргі таңда олардың заңды баламалы электрондық үлгілері жасалып жатыр. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Facebook-парақшасында смартфонда болатын құжаттар тізімін жария етті.

«Өткен аптада eGov mobile қосымшасында болатын және тиісті заң қабылданған соң қағаз құжаттардың заңды баламасы ретінде қолданылатын цифрлық құжаттар туралы жазба жариялаған едім. «Қосымшаға енгізілген құжаттардан басқа тағы қандай құжаттардың смартфоныңызда болғанын қалайсыз?» деген сұрағыма сіздерден көптеген ұсыныс келіп түсті. Сол бойынша тізім жасадық», - деп жазды министр.

Асқар Жұмағалиев ұсынып отырған тізімге бас-аяғы 11 құжатты енгізу жоспарланып отыр. Атап айтсақ төлқұжат, жүргізуші куәлігі, студенттік билет, көліктің техпаспорты, әскери билет, диплом, қаруды пайдалануға берілген рұқсат, зейнеткер куәлігі, аңшылық билет, мүгедектігі туралы куәлік, жылжымайтын мүлік техпаспорты сынды құжаттардың заңды электрондық үлгісі болады. 

«Осы құжаттардың бірқатарын мобильді қосымшаға енгізу үшін тиісті мемлекеттік органдарға хат жолдап, қажетті интеграцияны жүргізу мүмкіндігін қарастыруды ұсындық. Ведомствоаралық комиссияның жақын уақытта өтетін отырысында бұл процесті жеделдету үшін аталған мәселені талқылауды жоспарлап отырмыз», - деді Асқар Жұмағалиев.

 

Фото: baigenews.kz