Заман талабына сай әзірленген қазақстандық стартап жобалар

Заман талабына сай әзірленген қазақстандық стартап жобалар

Бүгінгі күннің талабы үйден шықпай-ақ сұранысқа ие заманауи мамандықтарды меңгеру. Бұндай мүмкіндікті қазақстандық стартапшылар Абылай Сармантай мен Азамат Хасенов ұсынып отыр. Білімді жастар онлайн академия жүйесін құрған. Электрондық тұғырнама Data Science және веб-әзірлемелер жасау сынды сандық технологияларға негізделген салаларға мамандар даярлайды. Болашақта веб-дизайн, мобилді қосымшалар сынды 10 тарта IT және Digital мамандықтарды да қашықтықтан оқыту көзделіп отыр, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Курстар 4 айдан бір жылға дейін жалғасады. Бағдарламаны толық меңгеріп шыққан қатысушылар кейін жұмыспен қамтамасыз етіледі. Үздік студенттерге отандық және шетелдің жетекші компанияларында тағлымдамадан өту мүмкіндігі жасалады. Ол үшін арнайы келісімдер бар дейді, жоба авторлары.

«Мұндай жоба елімізге аса қажет. Өйткені, ол сұранысқа ие мамандықтарға қатысты сапалы білім алу үрдісін қолжетімді ете түседі. Ең бастысы уақыт тапшылығы мен жол машақаты шешілді. Себебі қазақстандықтардың дені жаңа білім алуға ұмтылады.Алайда уақыт табу жағы қиын. Баламалы шетелдік онлайн курстардың құны қымбат. Және олар оқудан кейін еліміздің аумағында жұмыспен қамтамасыз етпейді», - дейді жобаның негізін қалаушы Аблай Сармантай.

Енді бір заманауи жоба шетелге оқуға түсетін отандастарымызға демеу жасап, оқытатын агенттіктердің жұмысын жетілдіруге бағытталған. Бұл жаңа жүйе аталмыш қызмет түрінің үрдістерін автоматтандыратын халықаралық бағдарламаларға қолжетімділікті арттырады.

«Тәжірибелі ойыншылар үшін бұл жүйе әлеуетті оқыту бағдарламалар негізінде өздерінің қызметтік аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл салаға енді аяқ басқан жаңа ойыншылар үшін сарапшылар кеңес беріп, нарықта сұранысқа ие болуын жеделдетуге көмектееді. Желілік білім беру агенттіктері үшін біздің жүйе қолданыстағы әдістерден 5 есе тиімдірек болады», -дейді жоба авторы Бейімбет Бабиев

Жалпы Astana Hub технопаркінің биылғы «Онлайн-Акселератор» бағдарламасына осы текті 33 стартап жоба іріктелді. Байқауға өтінімдер Қазақстанмен қатар Орталық Азия аймағы мемлекеттері Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан тіпті Израиль, АҚШ, Украина елдерінен түскен.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: bilimdinews.kz