Қазақстандық стартаптар халықаралық деңгейде дамытылатын болады

Қазақстандық стартаптар халықаралық деңгейде дамытылатын болады

Қытай қазақстандық стартаптарды қолдауға ниетті. Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығы аясында жергілікті Astana Hub пен аспан асты елінің кеңге танымал Zhongguancun технологиялық ғылыми паркі арасында тиісті меморандумға қол қойылды. Тараптар келісім аясында Қазақстандағы экожүйені дамытуға мүдде танытып отыр. Бұл орайда отандық инновациялық жобалар халықаралық алаңдарда ұсынылып, әлемге насихатталатын болады.

«Осы саланың әлем қауымдастығы мен аймақ үшін инвестициялық мәдениетті жетілдіріп, бұған қатысты өзекті мәселелерді шешу бағытында бірқатар оқыту шарасын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл орайда жекелеген салалар бойынша бірлескен  акселерациялық және инкубациялық бағдарламалар, стартаптар және сарапшылармен алмасу көзделген», - делінген елордалық технопарктің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бұған қоса, қытайлық технологиялық ғылыми парк халықаралық даму бағдарламасының аясында елімізде өз өкілдігін ашуды ұсынып отыр. Оны біздегі Astana Hub технопаркінің қабырғасында құру көзелген. Ондағы мақсат – қазақстандық IT бастамаларды қолдап, отандық жоғары технологиялық компаниялардың заманауи шешімдерін жүзеге асыруға демеу жасау. 

Айта кетерлік жайт, бүгінде аспан асты елінің технопаркі Жапония, Украина, Австралия, Германия, Сербия, Непал, Швейцария, Франция, Ресей және Канада сынды  елдермен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Енді осы тұрғыда жас қазақстандық ғалымдардың ойларын жаһандық деңгейде іске асыру үшін септесуде мүдделік танытуда.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: bnews.kz