Қазақстанда халықаралық тасымалды қадағалаудың ақпараттық жүйесі құрылады

Қазақстанда халықаралық тасымалды қадағалаудың ақпараттық жүйесі құрылады

Қазақстанда транзиттік көліктерге электрондық сәйкестендіргіш орнатылады. Мәжіліс депутаттары елімізде халықаралық тасымалды бақылайтын арнайы ақпараттық жүйе құруды ұсынып отыр. Төменгі палата депутаттары осыған қатысты тиісті заң жобасын әзірледі. Мәжілістің жалпы отырысында таныстырылған жаңа құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, транзиттік тасымалды қадағалау бойынша Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасы арқылы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске, сонымен бірге Көлік құралдары туралы заңға өзгерістер енгізуді көздеп, халықаралық тасымалдарды қадағалаудың ақпараттық жүйесі, навигациялық пломбалар секілді түсінікті енгізуді қарастырады», - деді заң жобасын таныстырған депутат Павел Казанцев.

Заң жобасы ҚР Үкіметіне халықаралық тасымалдарды қадағалап отыру жүйесінің ұлттық операторын айқындау бойынша құзыреттілік беруді, сондай-ақ, халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезінде электрондық сәйкестендіргіштерді пайдалану бойынша талаптар белгілеуді, оларды қасақана бүлдіргені немесе жойғаны үшін әкімшілік жауаптылықты енгізуді көздейді.

Сонымен қатар заң жобасында электрондық сәйкестендіргіштерді пайдалану тәртібін салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның бекітуі ұсынылады.

Депутаттың айтуынша, заң жобасының қабылдануы халықаралық тасымал саласындағы құқықбұзушылықтарды болдырмауға және бюджетті қосымша толықтыруға жағдай жасайды.

 

Фото: news.transinfo.by