IT-компаниялар үшін жаңа мүмкіндік: Қазақстанда аймақтық технопарктер дамытылады

IT-компаниялар үшін жаңа мүмкіндік: Қазақстанда аймақтық технопарктер дамытылады

Astana Hub аймақтық әріптестікті дамыту бағдарламасын іске қосты. Енді облыстардағы технопарктер, акселераторлар, инкубаторлар, коворкингтік ұйымдарға жан-жақты қолдау жасалатын болады. Бұдан былай саланың жаңа жобалары оқу-әдістемелік құралдармен қамтылып, кәсіби маман кеңесін ала алады. Бұған қоса, бағдарлама қатысушылары түрлі салықтық және визалық жеңілдіктерге ие болады. 

«Бізге тіркеліп, келісімге тұрған қатысушылар қосымша құн салығы 0% және жеке табыс салығы 0% сынды бірқатар салықтық жеңілдіктерге ие болады. Шетелден жұмыс күшін тарту бойынша арнайы визалық тәртіп қарастырылады. Өтініш беру онлайн түрде жүзеге асырылады. Бәрі ашық. Яғни,  IT- компаниялар өз өңірлерінен тегін өтініш тапсыра алады. Кеңес мүшелері өтінімдерді қашықтан қарап, іріктейді. Кейін біз келісім мен сертификат жібереміз. Кейін барып компания мемлекеттік  органдарға салықтық жеңілдіктерге қатысты өтінім жібере алады», - деп хабарлады  Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің атқарушы директоры Әділет Нұрғожин.

Осылайша, Astana Hub ел аумағындағы технопарктердің әлеуетін арттыруға мүделі. IT-мамандар тың өнертабыстарын іске асыратын жаңа мүмкіндіктерге ие болады. Ең бастысы, салаға қатысты соңғы жаңалықтардан құлағдар етіліп тұрады.  

«2019 жылы Astana Hub аймақтардағы барлық ірі технопарктерді аралап, айти мамандармен кездесті. Олардың көбінде өзінің жүзеге аспаған тың ойлары бар. Біз инвестиция тарту бойынша бірқатар жетістіктерге жеттік. Бизнес періштелер клубы құрылды. Сондай-ақ, көптеген халықаралық венчурлік қор және клубтар, компаниялармен әріптестік орнаттық. Қанатқақты жобаларды венчурлік инвесторларға ұсынатын боламыз», - деді Әділет Нұрғожин.

Оның айтуынша, бұл қадамдар Қазақстанның инновациялық экожүйесін жақсартуға тың серпін береді. Бұл тек ірі шаһарларды ғана емес, жалпы барлық аймақтарды біріктіретін еліміздің бірыңғай IT-қауымдастығына айналуы тиіс.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: bilim.expert