Ұстаздар қауымын қолдауға арналған старт-ап

Ұстаздар қауымын қолдауға арналған старт-ап

Карантин кезінде қазақстандық ұстаздар цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған курстардан өтіп жатыр. Бұндай мүмкіндікті Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің қатысушылары ұсынып отыр. Ол үшін отандық стартаперлер қашықтан оқыту бағдарламасын ұйымдастыруға үйрететін арнайы онлайн оқу орталығын ашқан. Электронды үлгіде білім беру үрдісіне қатысты сандық технологияларға машықтайтын сабақтар тегін жүргізіледі.

«Бұған дейін біздің жаттықтырушыларымыз мектептерге барып, дәріс оқитын еді. Бұл қызметіміз ақылы түрде жүргізілетін. Наурыздың 13 бастап мектеп ұстаздары мен жетекшілерін оқытуға қатысты көптеген ұсыныстар түсе бастады. Елдегі жарияланған төтенше жағдайға байланысты бұл қызметімізді тегін әрі онлайн түрде жүргіземіз деп шештік. Мақсатымыз қазақстандық ұстаздарды барынша заманауи  цифрлық құралдарға үйрету», - дейді жоба жетекшісі Айжан Аршабаева.

Бүгінде бұл оқу жүйесіне 28 мектептен 15 мыңға жуық қатысушы тіркелген. Онлайн желі бір мезгілде 250 пайдаланушыға бейне кездесу және 100 мың аудиторияға тікелей трансляция жасауға және жазбаларды сақтауға мүмкіндік береді. Жобаның порталында 200 тарта бейне сабақ, әдістемелік құралдар мен тест сынақтарын автотексеру жүйесі қолжетімді.

«Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Өте пайдалы ақпарат алдым. Ең бастысы кәсіби тұрғыда үлкен көмегі бар. Жаңа бейне сабақтарды күтеміз», - дейді қалалық мектеп мұғалімі Рәзия Сұлтанова.

«Бейнеде барлығы анық түсіріліпті, сол арқылы бағалауды кері байланысты үйрендім», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық мектебінің мұғалімі Жазира Қаңлыбаева.

Жақында онлайн оқудың екінші легі басталып, топтар құрылады. Бұл жолы әр өңірді қамтып, жүйеге еліміздің барлық мектептерін қосуға дайынбыз дейді, ұйымдастырушылар.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: freepik.com