Қазақстан COVID-19 күресте жасанды интеллект қолданбақ

Қазақстан COVID-19 күресте жасанды интеллект қолданбақ

Қазақстанда коронавируспен күресу үшін Силикон алқабының жасанды интеллектісі қолданылады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы еліміздің Бас консулдығы осындай бастаманы көтерген. Нәтижесінде еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Семей медициналық университеті» мен Xlabs америкалық IT компаниясы арасында Қазақстан аумағында COVID-19 пандемиясымен күресу үшін жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі келісімге қол қойылды.

Жобаның мақсаты: Big Data жинау; аурудың таралуы бойынша деректерді талдау; Қазақстан мен басқа елдердің эпидемиологиялық жағдайы туралы деректерді талдау; КВИ бар науқастарды емдеу тактикасын машиналық талдау; КВИ таралуының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шараларды автоматты-салыстырмалы талдау; індеттің таралуын алдын алудың неғұрлым тиімді әдістерін әзірлеу.

Жобаға қатысу арқылы Қазақстан бірқатар артықшылықтарға ие болады. Біріншіден, пандемияға қарсы күрестің ең өзекті және тиімді шаралары қолжетімді болмақ. Екіншіден, деректердің үлкен көлемін жинау және талдау бойынша халықаралық тәжірбие жинақталады.

Айта кетсек, XLabs компаниясы ұзақ жылдар бойы медицинада жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану үшін, саланы дамытумен айналысып келеді. Компанияның өнімдері 30-дан астам дертті, оның ішінде онкологиялық аурулардың түрлерін сәтті диагностикалай алады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: zakon.kz