Жас қазақстандық өнертапқыштардың жобалары

Жас қазақстандық өнертапқыштардың жобалары

Ақылды құлыптар, автоматтандырылған нейрожүйелер және онлайн сарапшылар желісі. Қазақстандық бағдарламашылардың өнертабыстары елімізбен қатар, ТМД мен Еуропа мемлекеттерінде сұранысқа ие. Арнамыздың тілшісі бірегей жоба авторларымен сұхбаттасып, компьютер және гаджеттердің көмегімен қандай ерекше бастамалар жасауға болатынын білді.

Алаяқтар мен ұрылардан қорғауға арналған ақылды құлыптар төтенше жағдай уақытында да тиімділігін дәлелдеді. Қанат Келдібеков жылжымайтын мүлікті қашықтықтан басқарып пәтерді жалға беруге арналған мобильді қосымша ойлап тапты. Жас кәсіпкер автоматтандырылған  ақылды құлыптар жүйесін ұсынып отыр.

«Бізде ТМД елдерінің ішінде ақылды құлыптардың ең кең көлемі ұсынылған. Бір кездері пәтерлерді жалға берумен айналысып жүргенімде ойыма осы идея келді. Көп жағдайда кілттер жоғалып жатады. Түн уақытында жалдаушылар болды. Тіпті кей қызметкерлердің ескертусіз өздері жалға беріп алдайтын жайттарда көптеп орын алды», - дейді Қанат Келдібеков.

Бүгінде ақылды жүйе 30 пәтерге орнатылған. Олардың 20-сы Мәскеу қаласында, өзгесі елордадағы баспаналарды алаяқтар мен ұрылардан қорғау үшін пайдаланылады. 4 айдың ішінде ол пәтерлер 2 мың мәрте жалға беріліп, шығын бірнеше есе төмендеген. Енді ол жұмысты атқарған қызметтерге жалақы төленбейді. Жол шығыны жоқ. Ақша үнемдеуден бұрын төтенше жағдайда адамдардың байланысын шектеуге үлкен сеп болды.

Барлық сарапшылар бір жерде

Ал Денис Давыдов болса, жолдастарымен бірігіп бірыңғай сарапшылар тұғырнамасын жасап шығарды. Электронды жүйе кез келген саланың шеберін санаулы минуттарда тауып береді. Ол үшін тек іздеген  маманды теру ғана қажет.

«Аса ірі жобаларды қолға алған кезде түрлі мамандардың көмегі қажет. Мен дәл осы мәселеге жиі тап болатынмын. Сондай кездерде бәрін бір арнаға тоғыстырып, жинай алатын жүйе жоқ екенін түсіндім. Қазір осы жобаны іске асырып жатырмын. Біздің жүйеге тіркелу үшін аккредитация мен сұхбаттан өту керек. Бір сөзбен кәсібилігі нақты дәлелденуі тиіс», - дейді Денис Давыдов.

Ттұғырнама АХҚО рецензиясын алып, Azure, Amazon және  Microsoft-тің IT өнімдеріне грант алып үлгерген. Жүйе қолданушылар үшін тегін екенні айта кету керек.

Карта жасайтын робот

Өзінің өнертабысын пайдалану үшін 25 жасар Әнуар Нұржанов та ақы алмайды. Ол да бірқатар белсенді досымен бірігіп карта құрастыратын автоматтандырылған жүйені ойлап тапты. Бүгінде жерсеріктердің түсірілімдері негізінде салынған суреттер арқылы түрлі нысандар мен аймақтардың қартасы жасалады. Ғарыштық технология колданылғанымен, адамның күші мен білімі қажет. Енді бұл жұмысты арнайы бағдарланған робот жасай алады.

«Карта құрастыру – өте күрделі аса дәлдікті талап ететін іс. Сондай-ақ, шығыны да аз емес. Біз бұл жұмысты жеңілдете түсетін нейрожелі жасап шығардық. Компьютерлік көру бағдарламасы бар робот жерсеріктік суреттердің дәл көшірмесін өзі салады. 2019 жылы біз стартаптың бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесін жасауға бел будық», - дейді Әнуар Нұржанов. 

5 миннуттың ішінде робот 4135 ғимараттың сұлбасын салып үлгереді. Кәсіби маман бұл уақытта тек 35 нысанның пішінін қағаз бетіне түсіруге қауқарлы. Картографтың 5 айдағы жұмыс көлемін ақылды құлтемір 1 күнде тындырып шығады. Бұл технологияны ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны бағдарлау сынды түрлі салада қолдануға болды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: fly-phone.ru