«Жетісай» күн электр станциясы пайдалануға берілді

«Жетісай» күн электр станциясы пайдалануға берілді

Түркістан облысының Жетісай ауданында іске қосылған жасыл энергия нысанының қуаты 4,8 МВт құрайды, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Электр станциясының құрылысы кезінде жеке қуаты 375 Вт болатын бифункционалды екіжақты панельдер пайдаланылды. Трекер жүйесін қолдану электр станциясының өндірісін 30%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Жоба «жасыл» экономика саясатына сәйкес келеді және Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына ықпал ететін болады. Осылайша, атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Жобаның өтелу мерзімі 7 жылды құрайды.

Жалпы, желіге жоспарлы жыл сайын 7 219 000 кВт энергиясын беру көзделіп отыр. Электр энергиясы 81 күн модулінен 158 жылжымалы «үстелге» бөлінген 12 798 күн панелімен генерацияланады. Тұрақты токты айнымалы токқа түрлендіру үшін электр станциясында блоктық-модульдік қондырғыға біріктірілген, әрқайсысының жеке қуаты 1 250 КВт 4 инвертор қарастырылған.

 

Фото: 7kun.kz