Қазақстандық стартап Еуропада және Ресейде жоғары сұранысқа ие

Қазақстандық стартап Еуропада және Ресейде жоғары сұранысқа ие

Сарапшылар бүгінгі жастардың гаджеттерге тәуелділігі артып келетінін айтады. Пандемия кезінде қашықтан оқып үйде отырған ойын балалары тіптен заманауи құрылғылардан көз алмайтын болғанын ата-аналар іс жүзінде байқап жүр. Осыны қаперге алған қазақстандық өнертапқыштар жаңа мобильді қосымшаны іске қосты. Бұл электронды жүйе ынталандыру бағытында жұмыс істейді. Оқушыны әке-шешесімен байланыстыратын сервис төтенше жағдай кезінде түрлене түсті. Ол арқылы ата-ана баласына тапсырмалар береді. Оған күнделікті үй шаруасы, білім жүйесінің бағдарламалары, ой өрісін жеілдіретін ғылыми мақалалар оқу, спорттық жетістіктерге жету сынды түрлі тапсырмалар жүктелген. Жүйе олардың орындалу барысын бағалайды. Белгілі ұпай саны жиналса бала келісілген сыйын алады. Осылайша бала ойын ақылы пайдалы істермен айналысуға, бос уақытын тиімді өткізуге дағдыланады.

«Пандемия кезінде біз жүйеге коронавирусқа қатысты жаңа тапсырмалар жүктедік. Мәселен, қосымшада «қолды дұрыс жууға қатысты видеомен таныс» деген тапсырма бар. Сондай-ақ «Вирус деген не?», «Қатерлі дерттің алдын алып, онымен қалай күресуге болады?» деген кеңестер беру арқылы баланы бүгінгі карантин кезінде төтенше жағдайға дайын болуға үйретеміз. Ойын арқылы балалар сақтық шараларына қатысты видеолар көріп, кәсіби мамандардың кеңесін алатын болады. Бұл ата-ана мен балаға бірдей тіиімді қосымша», - дейді жобаның негізін қалаушылардың бірі Асхат Ашаманов.

Баланы жастайынан пайдалы істерге баулып, болашақта үлкен мақсаттарды бағындыруға үйрететін жаңа модуль тегін жүктеледі.

«Бүгінде қосымша 150 мыңнан астам рет көшірілген. Жүктегендердің 20% - қазақстандықтар, 74% ресей азаматтары болса, 6% Еуропа елдерінің тұрғындарына тиесілі. Жобаны іске қосқалы 25 мың белсенді пайдаланушы тіркелді. Біздің жүйе қолданушыларымыздың өмірін жеңілдетіп, балаларды жетілдіруге септігін тигізеді деп сенеміз», -дейді жобаның негізін қалаушылардың бірі Асхат Ашаманов.

Бұл жоба Astana Hub халықаралық IT технопаркінің акселерациялық бағдарламасының қатысушысы атанды. Қазақстандық бастама түрлі халықаралық байқауларға қатысып жүлдеге іліккенін айта кету керек.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: new-retail.ru