Қазақстандықтарға көлікті онлайн тіркеуге мүмкіндік беріледі

Қазақстандықтарға көлікті онлайн тіркеуге мүмкіндік беріледі

Қазақстандықтарға көлікті онлайн түрде тіркеуге мүмкіндік беріледі. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов мәлімдеді.

«Алдағы уақытта танымал қызметтің бірі - автокөлікті тіркеуді онлайн режимге ауыстырамыз. Бұл автокөлік салонынан сатып алынған көліктерге қатысты. Егер сіз көлігіңізді басқа азаматқа сатып, оны қайта тіркегіңіз келсе, оны электронды үкіметтің порталында және egov mobile  қосымшасында жүзеге асыруға болады», - деді Абылайхан Оспанов.

Бүгінгі күнге дейін 85 мыңнан аса қазақстандық электронды цифрлы қолтаңбаны қашықтан алған.

«Елдегі төтенше жағдайға байланысты ХҚКО жабылды. Осыған орай ортылыққа келмей ЭЦҚ онлайн қалай алуға болады деген сұрақ туындады. Біз бұл мәселені шештік. Бүгінгі таңда ЭЦҚ электронды түрде жеке тұлғаларды биометриялық сәйкестендіру және бір реттік пароль арқылы алуға болады» - деді  Абылайхан Оспанов.

Вице-министр дәл осындай платформа заңды тұлғалар үшін де іске қосылғанын атап өтті.

«1337 заңды тұлға қашықтан ЭЦҚ алды. ЭЦҚ-ны компьютерде, файлдық тасымалдаушыда алған кезде 1 жылға беріледі. Егер сіз жеке куәлігіңізді қолдана отырып, жазып алсаңыз, оның мерзімі 3 жылды құрайды. Қазіргі таңда шамамен 10 млн отандасымыз ЭЦҚ белсенді түрде қолдануда. Егер кімде- кім ЭЦҚ ұмытып қалып жатса, оны жаңарту үшін барлық механизмдер іске асырылған», - деп атап өтті Абылайхан Оспанов.

 

Фото: kolesa.kz