«Отандастар» цифрлық кітапханасы құрылды

«Отандастар» цифрлық кітапханасы құрылды. «Қазақ әлемі» атты ұлттық руханияттың сандық тұғырнамасында қазақ диаспорасы туралы жарыққа шыққан шетел әдебиеті, жырақта жүрген және тарихи отанына оралған  қандас қаламгерлер шығармаларының электрондық нұсқасы  ұсынылады.

Сондай-ақ Ұлттық академиялық кітапхана қабырғасынан «Отандастар» оқу залы ашылды. Оның да көздеген мақсаты – этникалық қазақ жазушыларының әдеби, ғылыми-танымдық еңбектерін бір жерге топтастырып, оқырмандар қауымына кеңінен таныстыру. Қазіргі таңда осы қорға жиналған 2 мыңнан астам кітап Ұлттық электронды кітапхананың техникалық базасы негізінде сандық жүйеге келтірілетін болады.

МАҒАУИЯ САРБАСОВ, «ОТАНДАСТАР» ҚОРЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Жұмыс өз қолдауын табады деген сенімдеміз. Мұндағы басты ерекшелік – кітаптардың барлығы цифрланып, онлайн түрде қолжетімді болады. Яғни кез келген қандасымыз, кез келген шетелде жүрген бауырымыз интернет немесе телефоннан кіріп оқуға мүмкіндік бар. Бұл жобаны бастамас бұрын біз сұрау жүргіздік. Сырттағы бауырларымыздың қажет еткен кітаптары жиналған.  

СӘУЛЕШ НАЗЫРОВА, ҚР ҰАК ЭЛЕКТРОНДЫҚ РЕСУРСТАРДЫ БАСҚАРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біздің қазақстандық ұлттық электрондық кітапханасына әлемнің 100-ден астам мемлекеттерінің пайдаланушылары кіріп тұрады. Қазіргі кезде шетелде тұратын қандастарымыздың әдебиет, этнография, тарих қай саласының болмасын шығармалары жинақталып қолжетімді болды. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: inform.kz