Қазақстанда өндірілетін 3D өнімдер

Жаңа технологиялар қоғам қажеттіліктеріне қызмет етеді. Протездер, импланттар, пневматикалық қару-жарақ, құрал-жабдықтарға қосалқы бөлшектер, өнеркәсіптік құрамдастардың прототиптері. 3D принтер қолданылатын бағыттар саналуан. Осыдан бірнеше жыл бұрын алматылық мамандандырылған компания 3D модельдеуден бастап, 3D баспа мен 3D сканерлеуге дейінгі толық циклды өндірісті іске қосқан. Мұнда тек экологиялық таза материалдар ғана пайдаланылады. Бірінші кезекте, кәсіпорында отандық өндірушілерге басымдық беріледі.

ОЛЕГ ЛОБАХ, КОМПАНИЯНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мысалы, ПВА пластик – кеңінен қолданылатын материал. Одан бір реттік ыдыс жасалады. Ал егер жерге көмсе, ол еш қалдықсыз шіріп кетеді. Сонымен бірге медициналық құралдар, негізінен нейрохирургиямен және стоматологиямен байланысты. Барлығын дәрігерлермен кеңесе отырып өндіреміз.

Компания еліміздің түкпір-түкпірінен жеке және корпоративті тапсырыстар қабылдайды. Кейде әдеттен тыс тапсырыстар да түсіп жатады, дейді қызметкерлер.

ОЛЕГ ЛОБАХ, КОМПАНИЯНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Прототиптерге тапсырыс береді. Тіпті мәңгілік қозғалтқыштың прототипіне дейін. Жүйелі түрде м принтермен басып шығарып береміз, олар тексереді. Олқылық болса, қайта басып шығарамыз.

Алға жоспар көп. Бірінші кезекте, қаланы сканерлеу және апта сайын жаңартылып отыратын 3D карта жасау жобаларын аяқтау көзделген.

РАСУЛ РЫСМАМБЕТОВ, ЖОБАНЫ ДАМЫТУ БОЙЫНША МЕНЕДЖЕР:

 - Бізде ондай бір жоба болған. Тапсырыс берушілер тау арасында биіктігі 150 метр болатын жел генераторларын орналастыру үшін бізге таулы аймақты сканерлеуге тапсырыс берді. Сөйтіп, сол аумақты түгелдей сканерлеп шықтық. Кейін басқа мердігерлердің көмегімен желдің жылдамдығын өлшедік. Тағы басқа мәліметтер жинадық. Ақырында толыққанды карта шықты.

Кәсіпорын басшылығы өзінің 3D өнімдерін Орталық Азия елдерінің, содан кейін Еуропа нарығына шығаруды көздеп отыр. Өйткені бүгінгі күні жаңа технологиялар қолданылмайтын сала жоқ. Ал шикізатқа тек жергілікті сапалы материалдар ғана қолданылатындықтан, өндірілетін өнімнің бағасы да шетелдік тұтынушылар үшін қолайлы болмақ.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: vladtime.ru