Roadshow Astana Hub: Дүниежүзіне өз жобаңды паш ет!

Дүниежүзіне өз жобаңды паш ету. Қазақстанның IT-саласындағы өнертабыс иелеріне бұндай мүмкіндікті Roadshow Astana Hub бағдарламасы ұсынып отыр. Мақсат – шетелдік әлеуетті инвесторлардың қызығушылығын оятатын отандық стартаптарды халықаралық нарыққа шығару. Сондықтан жаһандық деңгейде бағдарланған үздік жобалар іріктеліп, әлемдегі ірі технологиялық көрмелерге жіберіледі. Былтыр қолға алынған жоба биыл да жалғасатын болады, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

ДЖОЗЕФ ЦИГЛЕР, ASTANA HUB IT-СТАРТАПТАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПАРКІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:  

- Біз өткен жылы барған қалалар мен елдерге қайта сапарлап, әріптестігімізді нығайтатын боламыз. Мәселен, Сингапур. Сондай-ақ Шанхаймен де осы орайда тәжірибе алмасуды жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Бұған қоса, жақын жатқан елдерде жобаларымызды танытсақ дейміз. Жақсы нәтиже алу үшін әрдайым алысқа арбалаудың қажеті жоқ. Маңайдағы Баку, Беларусь сынды елдерде өтетін халықаралық көрмелерге қатысуға болады. Ең бастысы – барған жерлерден стартаптарға тиімді болатын жаңалықтармен оралу.     

Бағдарламаның шарапатын былтырғы қатысушылар іс жүзінде татып отыр. 2019 жылы еліміздің жер-жерінен іріктелген 19 өршіл бастаманың барлығы дерлік өндірістік жолға қойылған. Тың жобалар Smart City, киберқауіпсіздік, биотехнология, қаржы технологиялары, көлік және логистика сынды заман ағымына сай тақырыптарды қамтиды.

ҚАНАТ КЕЛДІБЕКОВ, СТАРТАПТЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

 - Көптеген әріптестермен таныстық. Біздің жоба тек Қазақстан үшін ғана бағытталмаған, ол – халықаралық деңгейде бейімделетін бастама. Сондықтан оны жаһандық нарықтарға шығарғымыз келеді. Алдымен ТМД, кейін Оңтүстік Шығыс Азияның нарқын бағындыруды жоспарлап отырмыз.

Бағдарламаның алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша ғана Astana Hub Сингапур, Украина, Ресей, Ұлыбритания және Қытай елдерінің жетекші технопарктері және инновациялық компанияларымен бірқатар келісімдер жасасты. Биыл ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейту көзделіп отыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото:baigenews.kz