Математикадан қазақ тіліндегі тұңғыш сайт жасалды

Математикадан қазақ тіліндегі тұңғыш сайт жасалды. Оны жобалаушы Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі – Мұхтар Бегайдаров. Онлайн-платформаға бір ай ішінде 23 мың тұрақты қолданушы тіркелген. Ізденушілер оны тегін пайдалана алады.

НҰРАСЫЛ ӘБІЛДА, ОҚУШЫ:

 - Бұл сайттың ерекшелігі бұрын келген емтихандарды өзіміз үйден қарап, алдын ала дайындала аламыз. Тағы бір ерекшелігі – ол таңдаулы мұғалімдердің видеосабақтарын көріп, өзіміз үйден дайындала аламыз.

Қазақ тіліндегі жаңа математикалық сайтқа 600 оқулық пен бейнесабақ, тіпті түрлі ойын түріндегі жаңа əдістер енгізілген. Мамандар жаңа ресурстың сапасы өте жоғары екенін атап көрсетеді. Мұхтар Бегайдаров жобаны 2 жыл бұрын қолға алған екен. Басты мақсат – мұғалімдердің уақытын үнемдеп, қазақ тіліндегі материалдармен қамтамасыз етудің тиімді жолын ойлап табу болды, - дейді ол. 

МҰХТАР БЕГАЙДАРОВ, ЖОБА АВТОРЫ:

 - Бастапқыда сыныпта тек қана өзім тест жасайтын программамен айналыстым, тесттер жасадым. Бір кемшілігі алыста жүрген мұғалімдер аша алмайды. Сондықтан осындай қиыншылықтарды жеңу мақсатында үлкен сайт болса, соны барлық мұғалімдер, оқушылар пайдаланса деген идея болды.

ЖАСҰЛАН САПАРБАЕВ, МАТЕМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

 - Оның ішінде қарапайым топқа бөлу, сөзжұмбақ құрастыру сияқты сабақ барысында оқушылар қызығушылығын арттыратын түрлі дидактикалық материалдарды біріктіре алады.

Мұғалімдер арасындағы республикалық білім сайысында да Мұхтардың идеясы үздік деп танылған. Бір қызығы оған баға берген сарапшылар да айтулы платформаны пайдаланушылары екен.

Фото: taldyk.info