«Astana Hub»: Бірыңғай IT-сала

Салықтық және визалық жеңілдіктер, IT-стартаптарды жан-жақты қолдап, ірі  жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру. Халықаралық «Astana Hub» технопаркі белсенді жастардың өршіл ойларынан туған тың бастамаларын өндірістік жолға қойып беретін қанатқақты алаңға айналды. Халықаралық деңгейдегі тәжірибелі сарапшылардың ақыл- кеңесін алған тырнақалды жоба авторларының төл өнімі әлемдік нарықтың сұранысына сай келеді, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

ӘДІЛЕТ НҰРҒОЖИН, «ASTANA HUB» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ IT- ЖОБАЛАР ТЕХНОПАРКІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз ТМД аумағында баламасы жоқ салықтық жеңілдіктерге ие болдық. Яғни бірегей бастамаға сәйкес IT бағытында өндірістік жолға қойылған жоба елімізде қарастырылған барлық салық түрлерінен 5 жылға босатылады. Есесіне осы уақыттың ішінде өз бастамасын жетілдіріп, өндірістің іргесін кеңейтіп алуға мүмкіндік туады. Осыны тиімді қолданып, өнімін бәсекеге қабілетті ете алса, көрші елдердің нарығына шығудың жаңа жолдары ашылады.

Бүгінде технопарк 17 ірі отандық және шетелдік IT -қауымдастықтар мен 163 компанияны және 700-ге тарта стартап жобаны қамтып отыр. Өткен жылы үздік бастамалар Сингапур, АҚШ, Португалия, Біріккен Араб Әмірлігі, Корея, Финляндия, ТМД елдерінде таныстырылды. «Astana Hub» жалпы инновациялық әріптестікаясын кеңейтуүшін түрлі халықаралық ұйымдармен 25 келісім жасасқан.   

ӘДІЛЕТ НҰРҒОЖИН, «ASTANA HUB» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ IT- ЖОБАЛАР ТЕХНОПАРКІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бүгінде біздің команда бекітілген меморандумдарға қатысты бірлескен шаралардың жоспарын құру бағытында жұмыс жасап жаптыр. «Astana Hub» құрылған кезден бері біздің жобаларға 7 миллиардқа жуық қаржы тартылды. Олардың ішінде тікелей шетелдік инвестициялар бар. Біздегі жобалардың саны көп, тақырыптарының да аясы кең әр түрлі саланы қамтиды. Әрине, біз бірінші кезекте интернет саудаға басымдық беруге тырысамыз. Сондай-ақ әлеуметтік салаға да қатысты жобаларымыз көп. Мәселен, білім беру, денсаулық сақтау секторларында бірқатар бастамалар бар.     

«Astana Hub» халықаралық технопаркінің аясына аймақтың инновациялық-инфроқұрылымдық жобалары мен нысандарын тарту жоспарланған. Технопарктер, инновациялық орталықтар, стартап академиялар мен ғылыми зерттеу институттарды бір алаңда топтастыру көзделіп отыр.   

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: inbusiness.kz