«Documentolog» компаниясы жаңа әзірлемелерді ұсынды

«Documentolog» компаниясы AI.Sulu жасанды ақыл-ой модулі мен «Documentolog office» қосымшасын көпшілік назарына ұсынды. Қос отандық өнім де электронды құжат айналымы жүйесін жетілдіруге бағытталған. Бұл өнерабыстар елордада өткен «Documentolog Technology Conference» атты конференция барысында таныстырылды.

МӘРИЯМ АМАНБЕКОВА, «DOCUMENTOLOG» ЖШС ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

- AI.Sulu бізге шешімдер қабылдауда көмек жасайды. Мәселен, ол сараптама жүргізіп, тиісті құжатты аталмыш іспен бұрындары тиімді жұмыс жасаған адамға жолдау үшін кеңес береді. Бұған қоса «Documentolog office» жүйесі қызметкерлерге басқа қосымшаларға кірмей-ақ, бәрін «бір терезе» қағидаты бойынша атқаруға мүмкіндік береді.

«Documentolog Technology Conference» осымен екінші жыл қатарынан сала мамандарының басын қосып отыр. Жиында Documentolog жүйесін пайдаланушы компаниялар өз ісін автоматтандырудың тиімді нәтижелерімен бөлісті.

АҚМАРАЛ НАЙЗАБЕКОВА, «ҚАЗПОШТА» АҚ ПЕРСОНАЛ ЖӘНЕ ӨЗГЕРІСТЕРДІ БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Documentolog-қа қосылған бір жыл жеті айдың ішінде 33 үрдісті ендірдік. Қарапайым тілмен айтсақ, сол уақыттан бері 88 ағаштың тамырына балта шабудан сақтап, миллионнан астам парақты үнемдедік.

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықаралық деңгейде электрондық құжат айналымын жетілдіру, қағазбастылықтан арылтатын сандық жүйелерді өндіріске жаппай ендіру сынды заманауи тақырыптар конференцияның өзегіне айналды.

Биылғы басқосуға 300-ден астам жетекші қазақстандық компания өкілдері жиналды. Бүгінде «Documentolog» жүйесін 7 мыңнан астам компания пайдаланып отыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: 24.kz